Төрт түлікті бордақылап сататын шаруалар шу шығарды

Қайтейік енді

07.01.2026,

  в 14:00

424

Себебі, ет экспортына талап күшейген, базар мен сауда орындары етті арзанға алып, қымбатқа сатады

Түркістан облысында төрт түлікті бордақылап сататын шаруалар шаш етектен шығынға баттық деп шу шығарды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Себебі, ет экспортына талап күшейген. Ал базар мен сауда орындары ірі қараның етін арзан бағаға алып, қымбатқа сатады деп күйінеді.

Оның үстіне, былтыр қуаңшылық болып, шөп бағасы да шарықтап кеткен екен.

Еңбегіміз ақталмай, тығырыққа тірелдік деген жандар министрліктен көмек сұрап отыр. Олар жағдай өзгермесе мал саны азайып, еттің құны тағы қымбаттауы мүмкін деп болжайды.

Қарабұлақ – еліміздегі ең үлкен мал базарлардың бірі. Бірақ мұнда бұрынғыдай қыз-қыз қайнаған сауда жоқ. Ірі қараны бордақылап, етін сату жыл өткен сайын қиындап барады дейді шаруалар. Себебі, алыпсатарлар нарықтағы бағаны түсіріп тастаған екен. Табыс табуды ойлайтын кәсіпкерлер етті арзанға алып, қымбатқа сатуды әдетке айналдырыпты.

– Біз 2700-2600-ден сатқан кезде, базарларда баға 5000 теңге болатын. Бүгінгі таңда ет 3100 теңгеге түсті. Ет 5200 теңгеге қайда көтеріліп кетті. Бұрын әр бұқаға кететін күндік шығынымыз 1350-1400 теңге болса, қазір 2200-2300 теңге. Өйткені шөп-жем қымбат. Жұмысшылар айлығы бар. Алған кредит бар. Көп кәсіпкер ет бағасы түскен соң басқа жұмысқа ауысуына байланысты күннен-күнге мал азайып жатыр, – дейді шаруа Абзал ТӨРЕМҰРАТОВ.

Ұсақ шаруа қожалықтары етті экспортқа жібере алмайды. Ал, жаз бойы жем-шөп беріп өсірген малымызды арзан бағаға өткізсек, қып-қызыл шығынға батамыз деп отыр.

Пайда болмаған соң бұл кәсіптен кетіп жатқан жандар да көбейіпті.

– Мал соя алмай отырмыз. Қаншама адам малды алып, бордақылап, соятын жері жоқ. Өткізетін жері жоқ. Ертең олар уже мал бақпайды. Егер осылай мал бордақылайтын адам азайып кете берсе, ертең малдың бағасы бұдан екі есе көтеріліп кетеді. Экспортты ашса, айналым болар еді, – дейді шаруа Мұхтар СҰЛТАНБЕКОВ.

Ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері министрлік бес ай бұрын бекіткен талапқа сәйкес келмеген шаруалар малдың етін шетелге шығара алмайтынын жеткізді.

– Сиыр етін экспорттауға етті компанияларға бірнеше талап. Аталған компания иелігінде 5000 бастан жоғары бордақылау алаңының болуы. Және де экспорттауға ниетті компанияның шетелдермен контрактілерінің болуы және аталған компанияның жеке өзіне тиесілі ет комбинаты болуы қажет, – дейді Рүстембек МҰЗДЫБАЕВ, Түркістан облысы ауыл шаруашылық басқармасының бас маманы.

Шенеуніктер ортада бағаны қолдан өсіріп отырған кәсіпкерлермен күресеміз деп сендірді.

Алайда шарасыз күйге түскен жұрт мәселеміз министрлік деңгейінде қаралсын дейді. Себебі, бұл еліміздің барлық өңіріндегі шаруалардың жанына батқан жайт екен.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!