Түркістан облысында сегіз жастағы бала өзенге ағып кетті

Қайтейік енді

28.03.2026,

  в 16:00

200

Жеткіншектің не өлі, не тірі екенін білмей жыларман болған туыстары іздеу жұмыстарына қосымша күш жұмылдыруды сұрайды

Түркістан облысында сегіз жасар бала өзенге ағып кетті. Жаннұр ТҰРСЫНБЕКТІ жақындары төрт күннен бері таба алмай жатыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Екінші сыныптың оқушысы арыққа түсіп кеткен аяқ киімін аламын деп ағысы қатты суға құлап кеткен екен. Жеткіншектің не өлі, не тірі екенін білмей жыларман болған туыстары іздестіру жұмыстарына қосымша күш жұмылдыруды сұрап отыр. Олар сүңгуірлер мен техниканың қазіргі санымен жұмыстың өнбейтініне сенімді.

Сегіз жастағы Жаннұр Тұрсынбек судан аяқ киімін алып шығамын дегенде тайып құлаған дейді туыстары. Осылайша, ағысы қатты Келес өзеніне ағып кеткен. Бұл жайтты жанында болған өзге балалар көріп, айтып берген екен.

Ал ауыл халқы арықтың тым төмен салынғанына ашынады. Егер биік орналасқанда ойын балалары жоламас еді деп отыр.

– Мына жерде балалар ойнайды. Сым да жоқ, ештеңе жоқ. Ескерту белгісі де жоқ. Аудандық әкім Шымкент калалық МЧС жұмысшыларына өтініш беруге қарсы болып отыр. Өзіміз бітіреміз деген сылтаумен отыр. Бір жағынан баланың үш күнде өті жарылып шығады деген сылтаумен іздестіру жұмыстары өте немқұрайлы жүріп жатыр, – дейді Әсел БЕРДІБАЙ, Жаннұр Тұрсынбектің әпкесі.

23 наурыз күні кешкі сағат бестерде болған жағдай Абай ауылының тұрғындарын түгел аяғынан тік тұрғызды. Жұрт жиналып, өзен бойын түгел сүзіп шыққан. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ.

Жеткіншектің жақындары іздестіру жұмыстарына көп адам тарту керек деп есептейді. Себебі, ұзындығы 200 шақырымнан асатын су айдыны Шардара бөгеніне құяды.

– Келес өзеніне батып кеткен 2018 жылғы баланы іздеуге барлығы 120 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ қолданыста 15 техника, 2 қайық пен 2 ұшатын аппарат бар. Балаларыңызды көзден таса жібермей, қауіпсіздік шарасьн сақтауды сұраймыз, – деді Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат ЕРЖАНОВ.

Перзентінен көз жазып қалған ата-анасы да таң атқаннан кеш батқанша өзен басынан кете алар емес. Оларда кенже ұлдары аман-есен табылып қалар деген үміт басым.

Фото: shyndyq.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!