Тұрғындар қарсы: Есікте онсыз да тар жерге бес қабатты үй салынбақ

Қайтейік енді

15.02.2026,

  в 14:00

119

Әкімдік «бәрі заңды» деп қояды

Алматы облысында тұрғындар баспанасының іргесінен бес қабатты үйдің салынуына қарсы шықты. Олар жаңа ғимарат тұрғызылса, тынысымыз тарылып, үйге күн түспеуі мүмкін дейді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Әлден су мен газ құбырлары жарылып, зардабы тиіп жатыр екен. Ал құзырлы орындар бәрі заңды екенін алға тартып отыр.

Есік қаласының тұрғындарынан бүгінде маза қашқан. Олар бес қабатты нысан тұрғызылса үйімізге күн түспей, тынысымыз тарылып, әрі-бері жүруіміз де қиындайды дейді. Айтуларынша, аумақта құрылыс нысаны салынатыны туралы оларға алдын ала ешкім ескертпепті.

– Бесқабатты үй салынады деді. Астында дүкені, кафесі бар. Ол бүкіл жарықты жауып қалады ғой. Мына жағына бізге жарық түспейді. Күн жоқ. Шұңқырын қазғанда бір апта бұрын газ құбырын жұлды. Осы аптаның басында су құбырын жұлып кетті. Біраз тоқтап қалып еді, міне, қайтадан жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді Есік қаласының тұрғыны Гүлнар РАЙЫМБЕКОВА.

Бұл ықшамауданда 1500-ге тарта адам тұрады. Бәрі де бес қабатты үйдің салынғанын қаламайды. Тұрғындар қолайсыздықтан бұрын, ең алдымен өз қауіпсіздігімізге алаңдаймыз дейді.

– Кәрі адамдармыз. Ертеңгі күні басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, жедел жәрдем келсе, бізге қай жағынан кіреді? Өрт болып жатса? Газымыз бар. Төңірегіміздің бәрі айнала газ. Егер өрт болып жатса, ол машина қай жағынан кіреді? Мынаның барлығы жабық. Бізге кіретін жер жоқ, – дейді Есік қаласының тұрғыны Лахан НЮКОВА.

Осыдан бір жыл бұрын дәл осы аймақта дүкен салынбақшы болған. Алайда тұрғындардың қарсылығы мен жердің нысаналы мақсатына қатысты сәйкессіздікке байланысты құрылыс басталмай жатып тоқтаған. Енді араға уақыт салып, жағдай қайта қайталанып отыр.

Осы аумақта бес қабатты тұрғын үй бой көтермек. Құрылыс жұмыстары бір ай бұрын басталыпты. Содан бері тұрғындардың тынышы қашқан. Айтуларынша, жаңа нысан үйлерге тым жақын салынуда.

Алайда жергілікті әкімдік бұл пікірмен келіспейді. Айтуларынша, тұрғын үйлермен 20 метрге дейін арақашықтық сақталған. Сонымен қатар құрылыс барысында ешқандай заңды бұзу анықталмағанын айтты. Дегенмен тұрғындардың пікірін назардан тыс қалдырмаймыз деп отыр.

– Бәрі заңды. Біз оны зерттеп қарадық. Бірнеше рет жиналыс өткіздік, осы салып жатқан компания иелерімен. Барлық құжатын бізге берді, ұсынды. Тұрғындардың арыз-шағымы болғандықтан, ертең заң талаптарының бәрін түсіндіру барысы заңды болу үшін, біз де соттқа арызданамыз. Аудандық заң бөлімімен, – дейді Есік қаласының әкімі Жан ҚҰРАМЕТОВ.

Тұрғындар да сотқа жүгінбек. Шешім тұрғындардың пайдасына шыққан жағдайда, әкімдік жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!