Тұздыбастауда тау бөктерін жоқ қылып, орнына спорт кешенін салмақ

Қайтейік енді

30.09.2025,

  в 14:22

867

Алматы жақта қазақтар «құрылысқа жер керек» деп тауды тегістеуден тайынбайды

Алматы облысында тұрғындар үй іргесіндегі құрылысқа қарсы. Тұздыбастау ауылында тау бөктері қопарылып, үш қабатты спорт кешені салынбақ, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Онсыз да таудағы ағаш түгел шабылып, табиғатқа орасан зиян келтірді дейді ашуланған ауылдықтар. Әрі жасыл желек оталған соң, көшкін жүру қаупі еселеп артыпты. Ал әкімдік қарқынды жұмыс жүріп жатқан жердің иелеріне ешқандай рұқсат бермедік деп ақталып отыр.

Бұрынғы саяжай қазір Тұздыбастауға қосылып, ауыл мәртебесін алған бұл үйлердің тұрғындарынан жаздан бері маза кеткен. Тау бөктеріндегі зират маңы тегістеліп, құрылыс басталған. Ауылдықтарды алаңдатып отырғаны да осы.

— Қожайындары спорт алаңын саламыз деп қояды. Бірақ біз хабарласқанда, бізге жауап келді, аудандық сәулет бөлімінен және әкімшіліктен біз бұл туралы ештеңке білмейміз дейді. Сонда мына құжаты жоқ адамдар тауды қазып, білгенін істей бере ме? Таудың астында тас жоқ, үсті бос, қазір жаңбыр өтсе, ағып, бүкіл ауылды басып кетуі мүмкін, — дейді тұрғын Ержан БАЙМОЛДА

— Араға екі-үш жыл салып, осы мәселе тағы қайталанып жатыр. Бұрын да бір мердігер компания жартылай қоршау қойып алып, жерді тегістемек болған. Шулап жүріп тоқтатқан едік. Енді тағы қайталанып жатыр. Біз құрылысқа қарсымыз, — дейді тұрғын Ғалия ӨЖЕКОВА.

Тауды қопарған кезде ала жаздай бұрқыраған шаң – бөлек әңгіме. Ауыр техника түнімен тоқтамай тынысты тарылтқан. Құрылысты жүргізіп жатқандар «барлық рұқсатымыз бар» деп отыр.

— Жерді алған мақсатымыз – үш қабатты спорт кешенін салсақ дейміз, Балаларға арналған, бала-шаға ойнайтын. Жобамен қазір біз мынау кіргенімізді дайындасақ, тірек қабырғаны құйсақ, одан кейін көктсемге қарай құрылысты бастасақ деп жатырмыз. Құжаттарды алғаннан кейін, — дейді құрылысқа жауапты өкіл Қуанышбек БЕКЕЕВ.

Ал ауыл әкімі басқа дерек келтірді. Айтуынша, құрылысқа әу баста рұқсат берілмеген. «Қазу жұмыстарын тоқтатыңыздар» деп, полиция жер иесіне айыппұл да салыпты. Бірақ онысын пысқырмаған сияқты.

— Нақты жер учаскесі қазір Тұздыбастау ауыл округінің зиратының күзететін аумағына кіріп жатыр. Бұл кісілерге рұқсат қағазды ешқандай жерден берген жоқ. Енді бізден, аудандық полициядан облыстық экология департаментіне, хабарын сол жаққа, жан-жаққа хат жолданды, — дейді Тұздыбастау ауыл округінің әкімі Шыңғыс ТОЛЫМБЕКОВ.

Осылайша халықтың ендігі үміті – Облыстық экология департаменті. Ал ондағылар мәселені анықтауға көшіпті.

Тұрғындар құрылысты бастағандар табиғатқа келген шығынды да өтеуге тиіс деп отыр.

Фото: ktk.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!