Әсел Тасмағамбетова мен Кеңес Рақышев мектебі дарынды оқушыларға гранттар ұсынады

Не дейді-ей

10.04.2026,

  в 13:02

1060

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 8 сәуірде басталып, 10 мамырға дейін жалғасады

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп (Shoqan School) талантты оқушыларға білім беру гранттарын ұсынуға арналған жыл сайынғы байқаудың басталғанын хабарлайды.

Мектеп құрылғаннан бергі 5 жыл ішінде оның негізін қалаушылар – эколог Әсел ТАСМАҒАМБЕТОВА мен қазақстандық кәсіпкер Кеңес РАҚЫШЕВ – дарынды оқушыларға жалпы сомасы 240 миллион теңгеден асатын гранттар тағайындады.

2021 жылдан бастап, оқу үлгерімі, мектептің қоғамдық өмірі, спорт және зияткерлік жарыстардағы жетістіктері үшін оқушыларға арнайы шәкіртақылар қарастырылған. Осы бағытта берілген шәкіртақылардың жалпы көлемі 43 миллион теңгеден асты.

Shoqan School білім берудің дербестендірілген моделін ұстанады. Бұл тәсіл оқу үдерісінің тиімділігін нақты нәтижемен дәлелдеп отыр.

Мектепке енгізілген менторлық бағдарлама өз жемісін беріп үлгерді: 2025 жылы мектептің 2 түлегі әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына – Harvard University, University of California, Berkeley және University College London бакалавриатына оқуға түсті.

Мектеп қуатты академиялық базаға ие және халықаралық жетекші ұйымдармен серіктестік орнатқан. Сонымен қатар, ол AP және SAT емтихандарының аккредиттелген орталығы болып табылады. Бұл емтихандар әлемнің үздік университеттеріне жол ашады. Сондай-ақ мектеп Council of International Schools қауымдастығының мүшесі.

2026-2027 оқу жылына арналған гранттық оқуға өтінім қабылдау 2026 жылғы 8 сәуірде басталып, 10 мамырға дейін жалғасады.

Өтінімдер қазақ бөлімінің 7, 8 және 9-сыныптарына қабылданады.

Қабылдау емтихандары 2026 жылғы 16 мамырда өтеді.

Өтінімді мына сілтеме арқылы онлайн тапсыруға болады.

Фото: shoqanschool.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!