Алматыда жер үйлер жойылып, орнына көпқабатты кешендер түспек

Қайтейік енді

21.02.2026,

  в 15:00

288

Бірақ бұған тұрғындар үзілді-кесілді қарсы болып отыр

Алматыда жер үйлерді түгел сүріп, орнына көпқабатты пәтер салу көзделіп отыр. Қаланың жаңа бас жоспары күшіне енсе, бір ауданның өзінде 500-ге жуық баспана бұзылып, жаппай тұрғын үй кешендері соғылуы мүмкін. Бірақ бұған тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Олар мүлікті мемлекетке де, инвесторларға да бермейміз деп отыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Жаңа бас жоспарда жер үйлердің орнында көпқабатты баспаналар пайда болған. Құжат күшіне енсе, тұрғындар «баспанамыз сүріледі» деп алаңдайды. Сондықтан халық әкімдіктен сызбаны қайта қарауды талап етуде.

«Қаншама бос жер бар, сонда салмай ма?! Мұнда бәріміз қаншама ақша шығарып су тарттық, свет тарттық, газ тарттық», дейді тұрғандар.

Алматының 2040 жылға арналған бас жоспары жарияланғалы Қалқаман-2 шағын ауданының тұрғындарынан маза қашты. Мамырда қолданысқа енетін құжатта 4 көше бойындағы үйлердің орнында көпқабатты пәтерлер пайда болған. Осылайша жұрттың айтуынша, 500-ге жуық шаңыраққа сүру қаупі төніп тұр.

Генпланға сай болғанбыз. 2030 жылға дейін бәрімізде ИЖС болды. Ал қазір міне 2040 жылға дейінгіде бас жоспарды жасаған кезде МЖК деп өзгертіпті. Қазақстанда, осы Алматының жан-жағында қаншама апатты үйлер бар. Соларды әуелі сүріп, сол жақты жөндеп алсын алдымен, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Анар ҚОНАҚБАЕВА.

Үйдің бәрін әдемілеп тұрып салдық. Әрқайсысы жерді қымбатқа алды. Енді жер таппағандай елдің салып қойған дайын үйін бұзып 9 этаж үй саламыз деп жатыр. Ол енді Үкімет не ойлап отырғанын түсінбедім, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ерғали ӘБІКЕНОВ.

Халық «бізге жоспарды ескертпеді, үнімізді естімеді» деп наразы. Ал Наурызбай ауданының сәулетшісі жер үйлердің орнына көпқабатты пәтерлер салу ісі 2023 жылы бекітіліп қойған дейді.

Ол жерде бізде көппәтерлі тұрғын үйлердің және мектеп, балабақша, саябақтың құрылыстары қарастырылған. Қазіргі таңда аталған аумақта нысандарды жүзеге асыратын, құрылысын жүргізетін инвесторлар жоқ. Сол себепті біз бұзу мерзімін айта алмаймыз, – дейді Наурызбай ауданының сәулетшісі Дәурен АЛМАСБЕКОВ.

Аудан сәулетшісі бас жоспардағы өзгеріске жауапты емес екенін айтты. Яғни, инвестор табылса, Қалқамандағы жер үйлер сүрілуі бек мүмкін.

Ал бұған қарсы тұрғындар қайткен күнде баспананы сақтап қалуға бекініп отыр.

Айта кетсек, жаңа бас жоспарда Қайрат пен Айнабұлақ шағын аудандарындағы жер үйлердің де орнында көпқабатты баспаналардың сызбасы пайда болған. Ол жақтағы жергілікті жұрт та шешімге қарсы.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!