Оқушылар мен ұстаздарға 6 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі

Қайтейік енді

03.04.2026,

  в 15:00

100

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясындағы бастама

Қазақстанда халықаралық ғылыми жоба жарыстарында жүлде алған оқушылар мен олардың ұстаздарына бір реттік сыйақы тағайындалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрдің айтуынша, бұл бастама Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ берген тапсырма аясында жүзеге асырылып отыр.

– Баршаңызға белгілі, биыл Мемлекет басшысы халықаралық ғылыми жоба жарыстарында І, ІІ, ІІІ орын иеленген жеңімпаз оқушыларға және оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік сыйақы тағайындау туралы тапсырма берген болатын, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Өткен аптада осы тапсырманы іске асыру мақсатында арнайы бұйрық бекітілген.

– Биылдан бастап халықаралық ғылыми жоба жарыстарында І, ІІ, ІІІ орын алған оқушыларымыз 2 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін бір реттік сыйақымен марапатталады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар, жеңімпаздарды дайындаған педагогтер да назардан тыс қалмайды.

– Оларды дайындаған білікті ұстаздарға да өздерінің базалық айлығына байланысты 18,5 есе және 8,5 есе көлемінде бір реттік сыйақы беріледі, – деп нақтылады министр.

Министр бұл шешім білім мен еңбекті әділ бағалаудың нақты көрінісі екенін атап өтті.

– Бұл – білім мен еңбекті нақты бағалаудың жарқын дәлелі. Сонымен бірге дарынды оқушыларымыз бен оларды дайындайтын педагогтарды мемлекет тарапынан қолдаудың маңызды қадамы, – деді ол.

Фото: Getty Images / Roman Chekhovskoy.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!