Қазақстанда миллион адам кедейлікте өмір сүре бастады

Қайтейік енді

06.04.2026,

  в 15:00

226

Көпбалалы отбасылардың 9 пайызы кедейлер санатына кіріп кетті

Бір миллионға жуық отандасымыз кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Яғни, айлық табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл халық тойып тамақ жемек түгілі, азын-аулақ азықтың өзін қарызға алады деген сөз, деп хабарлайды Информбюро 31.

Өткен жылғы экономикалық өсім тікелей тұтынушылық несиеге байланысты дейді сарапшылар. Сондықтан Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаңдатып, базалық ставканы жоғары деңгейде ұстап тұр. Енді ел экономикасы тұрақталуы тиіс.

Дәл қазір елімізде бір миллионға жуық тұрғынның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Нақтырақ айтсақ, ай сайынғы кірісі 58 мың теңгенің төңірегінде болып тұр. Демек, ақшасы ас-ауқаттан артылмайды, тіпті тойып тамақ та жей алмайды. Бұл проблема, әсіресе, көпбалалы жанұялар үшін өзекті. Өйткені 5 және одан да көп баласы бар отбасылардың 9 пайызы кедейлер санатына кіреді.

Астаналықтар да табыс ұлғайып жатқан жоқ дейді. Бірақ амалын тауып, аз ақшаны жеткізуге тырысып жүр екен.

Ресми дерекке сәйкес, өткен жылы ел экономикасы 6,5 пайызға артқан, бірақ халықтың шынайы табысы, керісінше, кеміп отыр. Ол тікелей бюджет қаржысының ірі бөлігін жол, темір жол секілді инфрақұрылымдық жобалар мен зауыттарды соғуға жұмсалуынан дейді сарапшы Сапарбай ЖҰБАЕВ.

Оның пікірінше, экономикалық өсімді бюджет қаражаты емес, кәсіпкерлердің ақшасы қамтамасыз етуге тиіс. Халықтың кірісі ұлғаймағаны да – содан. Ал ахуалды түзеу үшін квазисектордағы компанияларды жекеменшікке беру керек.

– Осы 40 пайыз ақшаны 500 квазимемлекеттік кәсіпорын қалтасына салып жатыр. Соның арқасында өмір сүріп жатыр. Олардың бәрін жекешелендіру керек. Өткен жылы 2025 жылы 243-шін жекешелендіреміз деген еді. Бірақ жүзеге аспады. Биыл енді 500 жекешелендіреміз дейді. Бұл бір әлгі дию сияқты басын кессең, үшеуі шығатын боп өсіп кетіп жатыр квазимемлекеттік кәсіпорындар, – дейді Сапарбай Жобаев, экономист.

Сондай-ақ қаржыгер жалақының көтерілмеуі де шынайы табыстың кемуіне әсер етеді дейді. Мәселен, бюджеттік ұйымдар мен алпауыт компаниялар айлықты жыл сайын 10 пайызға индекстейді. Ал шағын кәсіп пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар еңбекақыны көтеруге қауқарсыз. Тіпті өнімділікті арттыру үшін жалақыны төмендетуі ықтимал.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері де кірістің кемуі айлықтың баяу өсуімен байланысты деді. Өйткені, еліміздегі кәсіпорындардың тең жартысы ғана айлықты 10 пайызға өсірген.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!