Қарағандыда тұрғындар көпқабатты үйдің құрылысына қарсы шықты

Қайтейік енді

15.04.2026,

  в 15:00

327

Жер үйде тұратындар «ертең бізге күн түспейді» деп шулауда

Қарағандыда қала шетіндегі жер үй тұрғындары сол маңда көпқабатты тұрғын үй салуға қарсы шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Тұрғындар кешеннің 12 қабатты болатынын құрылысшылардан естіген. Олар аумақты қоршап, құрылысқа дайындықты бастап кеткен. Бірақ қапталымызда зәулім ғимарат салынса, күн көзінен қағылып, ығы-жығы қозғалыстан ығырымыз шығады, дейді тұрғындар.

Ал құрылыс компаниясы кешен қайткен күнде де салынады, бірақ оның неше қабатты болатыны әлі шешілген жоқ дейді.

Құрылысқа дайындық бір аптадан бері жүріп жатыр. Бұл жер үйлердің тұрғындарына бұл туралы түсінік берген тірі жан жоқ. Тек құрылыс прорабы мұнда 12 қабаттан жоғары кешен салынады депті. Айналадағы қоршау үйлерге тақалған кезде ғана тұрғындардың шыдамы таусылған.

– Тоғыз қабаттың қасына 12 қабатты үй салсын, 11 қабатты салсын, енді ондайлар бола береді. Бірақ жер үйдің қасына ондай салғанды түсінбеймін. Халқымыз да түсінбейді. Осы жерден бастап Күнгейге дейін жер үйлердің жобасы болған. Сонда біз қаланың шетіндеміз, жақсы, тыныш деп ойлағанбыз. Енді ол жобаны неге өзгерте береді?! Әкімдік қайда қарап отыр, – дейді жер үйдің тұрғыны Нұрахан ЖАМИЕВ.

Бұл аумақ алғашында бір құрылыс компаниясына тиесілі болған екен. Олар мұнда бес қабатты үй салатын болып, онысы тұрғындардың келісімін тапқан. Кейін бұл жер басқа құрылыс компаниясына сатылады. Тұрғындардың айтуынша, жаңа қожайын жоспарды өзгертіп, баспананы биіктеткенге ұқсайды. Ал бұған жұрт қарсы. Оның үстіне бұл әр көктемде қызыл су басатын аумақ.

– Көршілер жабылып жүріп жерден арық салғанбыз. Суағар қылдырып. Ол суғардың бәрін алып тастады. Ертең мына жерге келген су үйлерге кіреді. Биік үй, бізге күннің көзі түспейді. Ойлаңыз, 14 қабатты үй алдыңызда тұрғанда, мына үйлерге күн түспейді. Қаншама үй, 200-300 пәтер бола ма, адамдар бәрі далаға шығады, қоқыс қояды, мына жерге көліктері келеді. Үйден шыға алмай қаламыз, – дейді тағы бір жер үйдің тұрғыны Бекболат ӘБДІРАЙЫМОВ.

Құрылыс компаниясы өкілдері бұл аумаққа «қандай үй салынатынын білмейміз» деп отыр. Әзірге «тек қоршап қойып жатырмыз» деп ақталды.

– Қазір тек құрылыс алаңын қоршап жатырмыз. Жоба бойынша ештеңе айта алмаймын. Себебі түрлі жоба зерттеуден өткізіліп жатыр. Құзырлы органдармен келісім жүріп жатыр. Сондықтан қандай үй салынатынын білмеймін. Қазір құрылыс басталмайды, – деді Адам ХАТУЕВ, құрылыс компаниясының өкілі.

Жергілікті әкімдік құрылыс компаниясынан 6-дан 12 қабатқа дейін тұрғын үй кешенін салуға рұқсат сұраған өтініш түскенін айтады. Ол қазір қаралып жатыр екен. Ал тұрғындар елдің пікірі ескерілгенін қалайды.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!