Маңғыстауда шала туған нәрестелердің көру қабілетін сақтайтын операциялар жасала бастады

Ду шапалаq

05.05.2026,

  в 18:30

208

Бұл дәрігерлердің, «Аяла» қайырымдылық қорының, Qazaq Oil жанармай құю станциялары желісінің және басқа да компаниялардың қолдауының арқасында мүмкін болды

Маңғыстауда бұрын тек елдің ірі медициналық орталықтарында ғана жасалатын операциялар жүргізіле бастады. Бұл шала туған нәрестелердегі ретинопатияны емдеу – дер кезінде араласпаса, көру қабілетінен толық айырылуға әкелуі мүмкін ауру.

Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы – тор қабық тамырларының дұрыс дамымауынан пайда болатын ең ауыр асқынулардың бірі. Дәрігерлерде соқырлықтың алдын алу үшін небәрі 24-тен 72 сағатқа дейін уақыт бар. Әсіресе салмағы тым төмен балаларда қауіп жоғары – бұл ауру салмағы 1000 грамға дейінгі сәбилердің 60-80%-ында кездеседі.

Осы уақытқа дейін кішкентай науқастарды Алматыға немесе Астанаға тасымалдауға тура келетін, бұл тәуекелді арттырып, емді бастау мерзімін кешіктіретін. Енді мұндай операциялар Ақтаудағы «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығында жүргізіледі. Орталықта «АЛОД-01» заманауи диодты лазерлік аппараты пайдалануға берілді, ол қауіпті ауруды ерте кезеңде анықтауға және емдеуді дереу бастауға мүмкіндік береді.

Лазерлік емдеу – шала туған нәрестелердегі соқырлықтың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Операция 20 минуттан екі сағатқа дейін созылады. Қазір дәрігерлер алғашқы операцияларға дайын: жаңа туған екі нәресте осындай емге зәру.

Бұл жетістік дәрігерлердің, «Аяла» қайырымдылық қоры мен бизнестің қолдауының арқасында мүмкін болды. Негізгі серіктестердің қатарында – Qazaq Oil компаниясы, ол аталған қор арқылы науқас балаларға бұрыннан көмектесіп келеді. Компания үшін бұл әлеуметтік жауапкершілік саясатының бір бөлігі: Qazaq Oil ел бойынша қоғамдық және қайырымдылық жобаларға, оның ішінде экология, спорт және өңірлік қауымдастықтарды қолдау салаларындағы бастамаларға қатысады.

Мәселен, жанармай құю бекеттерінде орнатылған арнайы жәшіктердің арқасында 2023 жылы қазақстандықтардың 5 миллион теңгеден астам қайырымдылық қаражаты жиналып, ол Қарағандыдағы перинаталдық орталыққа жабдық сатып алуға бағытталды.

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!