Қазақстан Жапонияға жылқы экспорттамақ

Қайтейік енді

26.05.2026,

  в 15:00

141

Тірідей де, сойылып та ай сайын 100 жылқы сату жоспарланып отыр

Қазақстан Жапонияға жылқы экспорттайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, екі мемлекеттің компаниялары арасында келісім жасалған. Сол құжатқа сәйкес жапон еліне ай сайын 100 жылқы сату жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24.kz

Тұяқты жануар тірілей де, сойылып та жөнелтіледі. Бүгінде тараптар экспортқа қойылатын талаптарды пысықтап жатыр.

Қазақстандық тауар өндірушілер жапон нарығына баратын өзге де өнім түрлерін көбейтуге ниетті. Ауыл шаруашылығы министрі Ресейдің теңіз порттары арқылы жапон нарығына сапалы астық пен ұн жеткізу қолайлы екенін айтады.

– Жапонияға экспортталатын өнім түрлерін кеңейтуге деген қызығушылығымыз зор. Оның ішінде бал, сүт өнімдері, құс еті, сиыр еті, қой еті және терең өңделген өнімдер бар. Аграрлық саладағы ықпалдастықты нығайту елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды фактор болатынына сенімдімін, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек САПАРОВ.

Сонымен бірге, елде мал шаруашылығы саласын субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемі өсті. Ведомство өкілдерінің айтуынша, былтыр бұл мақсатқа 87 млрд теңге жұмсалса, биыл 120 млрд теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін тағы артуы мүмкін. Өйткені төрт түлік көбейіп келеді. Демеу-қаржының шамамен 20-25 пайызын бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына малын тапсырған шаруалар алады.

Сондай-ақ шетелден етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара сатып алуға субсидия қарастырылған. Былтыр елде 1,2 млн тонна ет өндірілді. Ең көп өнім шығарған аймақтардың көшін Алматы, Ақмола және Түркістан облыстары бастап тұр. Былтырғы тауардың 40%-ы осы аймақтарға тиесілі болды. 

– Шетелден, ТМД елдерінен әкелген кезде оларға 390 мың теңге бір басқа қарастырылған. Сондай-ақ Оңтүстік, Солтүстік Америка және Еуропа елдерінен асыл тұқымды аналық мал бастарын әкелген кезде 525 мың теңге субсидия қарастырылған. Бұл етті бағыттағы малдарға қатысты айтып отырмын, – дейді Зәуре ХАМИТОВА, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің басқарма басшысы.

Фото: uralskweek.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!