Қайтейік енді
28.05.2026,
в 12:00
285
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол АЙТУОВТЫҢ өліміне қатысты істе жаңа деректер пайда болды. Пластикалық операция жасату үшін «Қасиет» медициналық орталығына жүгінген депутат наркоздан кейін комаға түсіп, бір айдан соң ауруханада қайтыс болған еді.
Марқұмның отбасының адвокаты Алдырза Қуанышкереевтің айтуынша, іс бойынша тек клиника қызметкерлерінің емес, тергеу органдарының әрекеттеріне де сұрақ көп.
Адвокаттың мәліметінше, Ербол Айтуов сәуір айында мойын мен иек тұсын тарту операциясына келген. Алайда наркоз салынғаннан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, науқас комаға түскен. Кейін ол Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында көз жұмған.
Отбасы тарапы операция алдындағы тексеру толық жүргізілмегенін айтады. Сондай-ақ адвокаттың сөзінше, пациентте қарсы көрсетілімдер болған және анестезия жасауға ресми келісім алынбаған болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, қорғаушы клиниканың лицензиясына қатысты да күмән келтірді. Оның айтуынша, медициналық орталықта дәл осы ғимарат бойынша «Анестезиология және реаниматология» қызметін көрсетуге қажетті лицензиялық қосымша болмаған. Демек, операциялық және жансақтау бөлімдері мен қажетті жабдықтарға қатысты талаптар орындалмауы мүмкін деген күдік бар.
Адвокат тергеу әрекеттеріне де наразылық білдірді. Оның сөзінше, мәйіт туыстарына сот-медициналық сараптамасыз берілген. Ал мұндай жағдайда сараптама міндетті түрде жасалуы тиіс болған.
Енді нақты өлім себебін анықтау үшін марқұмның мәйітін эксгумациялау қажет болуы мүмкін.
Айтуовтың отбасы кінәлілерді Қылмыстық кодекстің 317-бабы – медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы бойынша жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Ал «Қасиет» медициналық орталығы тағылған айыптарды жоққа шығарды. Бас дәрігер Артур ТӘЖИЕВ клиника 2015 жылдан бері жұмыс істейтінін және хирургия, анестезиология, реанимация мен стационарлық көмек көрсетуге барлық лицензиясы бар екенін мәлімдеді.
Клиника нұсқасына сәйкес, операция басталмай қалған. Дәрігердің айтуынша, наркоз енгізілгеннен кейін пациенттің қан қысымы 210-220-ға дейін көтеріліп кеткен. Осыдан кейін операция тоқтатылып, дәрігерлер бірнеше сағат бойы жағдайын тұрақтандыруға тырысқан. Кейін жедел жәрдем шақырылып, облыстық ауруханада инсульт диагнозы қойылған.
Артур Тәжиев марқұмның өзінің жақын досы болғанын да айтты. Оның сөзінше, Айтуов бұған дейін де осы клиникада пластикалық операция жасатқан. Сонымен қатар ол «таныстықпен операция жасалды» деген әңгімелерді жоққа шығарды.
Клиника басшылығы оқиғадан кейін барлық материалды құқық қорғау органдарына тапсырғанын және тергеумен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Қазір науқастың жағдайының күрт нашарлауына нақты не себеп болғаны – анафилактикалық реакция, дәрігерлік қателік, қосымша аурулардың асқынуы немесе басқа фактор ма – тергеу барысында анықталмақ. Іс прокуратура бақылауына алынған.
Фото: facebook.com/adutbaeva.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
27.05.2026,
12:00
23.05.2026,
14:00
25.05.2026,
13:30
22.05.2026,
10:30
Реклама
Реклама