Түркістанда былтыр қолданысқа берілген үйлер бүлініп жатыр

Қайтейік енді

11.08.2025,

  в 17:01

1090

Пәтер іші жазда қапырық, қыста мүлдем жылымайды дейді ипотека иелері

Түркістанда былтыр қолданысқа берілген көпқабатты үйлер бүлініп жатыр. 48 пәтерлік қос үйдің жертөлесінде құбырлар жарылып, тұрғындар сасық иіске тұншығып отыр. Электр сымдары да жерде өрмекшінің торындай жиі жарылатын құбырлармен бірге жатыр. Пәтерлердің есік-терезесі ашылса жабылмайды, жабылса ашылмайтындай алқам-салқам, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Осы олқылықтарды айтып шағымданғанымен, бес жылға кепіл берген не мердігер, не үйді қабылдап алған шенеуніктер үйге бас сұқпайды дейді тұрғындар.

Түркістандағы бұл екі үйден баспананы ипотекаға алған жұрт енді өкініп жүр. Былтыр ғана берілген көпқабатты үйдің үп еткен желге қасбеті жұлынып, пәтердің ішінде жел уілдеп тұр. Қабырғаларының жұқалығы соншалық, көрші пәтердің әңгімесін естіп отырамыз дейді тұрғындар. Ал есік-терезесі ашылса жабылмайды, жабылса ашылмайды.

— Жел уілдеп тұрады, скотчпен тұрады ,қысы-жазы. Айттық, күнде ертеңмен әйтеу келіп көрді. Міне, резеңкесі салбырап тұр. Бұл проблема бәрінде бар, — дейді тұрғын Мүслім САХОВ.

Пәтер іші жазда қапырық, қыста мүлдем жылымайды дейді ипотека иелері. Еденге жай көрпе сияқты төселе салған линолеум көтеріліп жатыр. Ал жертөлесінде электр сымдары өрмекшінің торындай жерде шұбатылып жатыр. Мұндағы су мен кәріз құбырларының жиі жарылатынын айтқан жұрт өміріне қауіп төніп отырғаны үшін қорқады.

— Канализацияның суын көріп тұрсыз, бізге істеп береміз деп уәде берген. Сасық иісі төбеге қарай көтеріліп жатыр. Кәдімгідей, қырықаяқ, шіркей қаптап жүр, — дейді тұрғын Гүлдана ОРАЗҚҰЛОВА.

Үй берілген кезде келген мердігер компания өкілдері ақауды жөндеп береміз деп, содан соң келмей кеткен. Тұрғындар осыдан кейін прокуратурадан бастап, облыс әкімдігіне дейін шағымды қарша бораттық дейді. Бірақ еш нәтиже жоқ.

— Үйге кіргеннен бастап жыры бітпеді. Кіреберістегі кафельдер сынып жатыр, үйдің ішінде толған ақау толып жатыр. Тоқ өшіріп қосатын құрылғы дұрыс қойылмаған. Пластик есік-терезе шайқалып тұр. Бұның өз мерзімі бар ғой. Есіктер жабылмайды. Біз бұл тірліктен шаршадық. Облыс әкіміне дейін шулап барамыз, — дейді тұрғын Мөлдір КЕРІМБЕКОВА.

Құрылыс басқармасынан келгендерге тұрғындар кемшіліктерді көзге түрткендей көрсеткен. Сапасыз үйді қабылдап алғандарға шүйліккен соң, жауаптылар қатты састы. Тіпті бүгін-ертең ақау актісін түзіп, кемшілікті реттейміз деп, уәдені үйіп-төкті.

— Ертең ақауларды қарап шығайық. Бәрімен ақылдаса келе, мердігерлерге тапсырма береміз. Екі апта, мүмкін үш апта, бәлкім үш бір аптада, құрылыс көлеміне қарай істейміз. Мердігерге байланысқа шыға алмадық. Шымкент қаласында екен. Ертең шақыртамыз, хат та жолдаймыз, — дейді Түркістан облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Есжан БИБАТЫРОВ.

Тұрғындарға мойын бұрмайтын мердігерді шенеуніктер енді “күштеп жұмыс істетеміз” деп күшеніп отыр. Егер құрылыс басқармасындағылар сөзінде тұрмаса, онда тұрғындар тайлы-тұяғы қалмай, облыс әкімдігінің алдында шу шығарамыз деп серттесті.

Фото: ktk.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!