Қайтейік енді
15.06.2026,
в 15:00
182
Ақтөбеде жүздеген миллион теңгеге тұрғызылған көпқабатты қос үй сүріліп жатыр. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылған бұл үйлер сапасыз салынған болып шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Үйлер адам тұруға қауіпті деп танылып, осындағы 48 шаңырақ екі жыл бұрын көшірілген. Содан бері қаңырап қалған ғимаратты тегін жоқ қылуға құрылыс компанияларының бірі ниет білдірген.
Ақтөбедегі көпқабатты екі үй сүру үшін салынғандай әсер қалдырады. Жеті жыл бұрын тұрғындарға жайлы баспана болады деп басталған жобаның ақыры даулы болды. Бюджеттен 337 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған құрылыс қазір экскаватор шөмішімен қиратылып жатыр.
Осыдан үш жыл бұрын жаңа қонысына түнеуге қорыққан тұрғындардың шағымы әлі есте. Себебі: тендер ұтқан мердігер құрылысты сапасыз салып, іргетасы қақырап, қабырғалары сөгіліп кеткен. «Үйінді астында қаламыз» деп шошынған тұрғындар дереу көшіруді талап еткен.
Сол шудан соң 48 шаңырақ дереу көшіріліп, әрбіріне әкімдік жаңа баспана үлестірді. Ал сапасыз құрылыс салған мердігерден бастап, авторлық және техникалық қадағалауға жауапты компаниялар сот алдында жауап берді. Олар аса ірі көлемдегі алаяқтық, сапасыз құрылыс жүргізу және сараптама жұмысын тиісінше орындамау баптары бойынша кінәлі деп танылды. Тағайындалған жазадан бөлек, олар мемлекетке келтірілген залалды өтеуге міндеттелді. Содан бері қаңырап тұрған қос үйді сүріп тастауға әкімдік демеуші іздеген еді. Екі жыл дегенде құрылыс компанияларының бірі келісімге келген.
– Осы екі үй қаңырап бос тұрғасын, сол тұрғын алаптағы балаларға, тұрғындарға қауіп қатер туғызу мүмкіндігі пайда болды. Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында көптеген медігер компаниялармен келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде «Глобл райс констракшн» компаниясы осы үйді өз қаражаты есебінен демонтаж жасауға және қоқыстың барлығын шығарып, аталған жерді тазалап кетуге келісім беріп отыр, – дейді Ақтөбе қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр ҚАБЫЛ.
Қос үйдің жер телімі қазір әкімдіктің меншігінде. Алда ол жерге қайта үй салына ма, әлде саябақ бола ма, ол әзірге белгісіз.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
11.06.2026,
12:00
10.06.2026,
10:30
12.06.2026,
18:00
Реклама
Реклама