Түнгі 12-де жиналып, туған күн тойлайтындар жазаға тартылады

Қайтейік енді

20.06.2026,

  в 14:00

218

Осы бір жаман трендті тоқтату керек дейді

Ішкі істер министрлігі түн ортасында от шашу атып, музыка қосатындарды жазаламақ. Себебі, беймезгіл уақытта жақынын туған күнімен құттықтап, сүйіктісіне сөз салатындар көбейген. Бұл жағдай тәтті ұйқыда жатқан қала жұртының ашуын туғызады, деп хабарлайды Информбюро 31.

Шағым көбейген соң тәртіп сақшылары тексеріске шығып, қоғамдық тәртіпті бұзғандармен күресті күшейткен екен.

Көпқабатты үйлердің ауласында осындай жағдайлар жиі кездеседі. Жастар туған күн тойлап, отшашу атады, көліктің дабылын қосып, музыканы даңғырлатады. Бірақ мұндай әрекеттердің бәрі заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Біреулердің қуанышы басқа біреулер үшін бұзылған ұйқы. Айқайға басып тойлағаны аздай, бос бөтелкелер мен пиротехника қалдықтарын да аяқ астында қалдыратындар бар. Сондықтан қала тұрғындары қоғамдық тәртіп бұзғандарды жазаға тартуды құптайды.

– Мен қаладағы ең ірі мейрамхананың дәл іргесінде тұрамын. Музыка аздай, түнгі 12-ден кейін салют атады. Менен бөлек тағы 200-300 үйге жетеді дауысы. Осы трендті тоқтату керек, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Данияр ЖАНЫС.

– Жаз болған соң терезені ашып қоямыз. Бала ұйықтамай жылайды. Біз 20 адам осы мәселемен шағымдандық, пайда болмады, – дейді Талдықорған қаласының тағы бір тұрғыны Ботагөз ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ.

Заң бойынша, жұмыс күндері кешкі сағат оннан кейін, ал демалыс күндері түнгі он бірден кейін тұрғындардың тыныштығын бұзуға болмайды, дейді полиция. Ескертуге көнбесеңіз, 22 мың теңге көлемінде айыппұл төлейсіз.

Егер құқық бұзушылық қайталанса, әкімшілік жазаның көлемі екі есеге ұлғаяды.

Қазір еліміздің барлық өңірінде тәртіп сақшылары көшеде ойын-сауық кешін ұйымдастыратындармен күресті күшейткен.

– Тұрғын үй аймақтарында және қоғамдық орындарда салют, техникалық бұйымдар, сигнал дыбыс және өзге де шу шығаратын құралдарды пайдалану азаматтардың тыныштығын бұзады. Сонымен қатар мұндай іс-шарада ішімдік тұтыну, тыныштықты бұзу және аулалар мен қоғамдық орынды ластайтын жағдайлар да болады. Тыныштықты бұзу және заңнама талаптарын сақтау заңда көзделген жауапқа әкеп соқтыратынын ескертеміз, – дейді Астана қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Эльмира ШӘУЛЕНОВА.

Біреудің қуанышы өзгенің тыныштығын бұзбауы тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары түнгі он екіде туған күнмен құттықтау трендін тоқтатуға шақырады. Азаматтардан кез-келген мерекені мәдениетті түрде атап өтуді сұрайды.

Фото: Pinterest.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!