Боралдайда жарық жиі сөніп, азық-түлік бұзылып, халық уланып жатыр

Қайтейік енді

21.06.2026,

  в 18:00

141

Бұл жақта электр желілері әбден тозып біткен екен

Алматы облысы Боралдай кентінің кәсіпкерлері бірнеше жылдан бері электр қуатының үздіксіз өшуінен зардап шегіп отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жақында осы ауылдағы 65 адам жергілікті дәмханадан суши жеп, өздерін жайсыз сезінген. Кәсіпкерлер жарық мәселесінің кесірінен тоңазытқыштағы азық-түлік тез бұзылады дейді.

– Жарық өшкенде ештеңе сатпаймыз, отырамыз. Тауық етін, сары май сатамыз, сүт те бар. Сол өнімдер құртылады. Көрші үйдің мұздатқыш, тоңазытқышына саламыз. Болды. Қайтадан алып келеміз, әуре боласың, сүйтіп жүреміз, – сатушы Жанар БЫТЫМБАЕВА.

Сондықтан жұрттың жаппай улануына Боралдайдағы жарықтың жиі өшуі себеп болуы мүмкін, дейді кәсіпкерлер. Электр қуатын жеткізуші компания да осы аумақта жарықтың жиі өшетінін растап отыр. Өйткені электр желілері әбден тозған дейді. Қазір мәселені шешу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Электр энергиясының өшірілуі басым бөлігі жоспарлы жұмысқа байланысты болады. 35-ші 36-шы қосалқы станцияларда жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. «Алатау жарық компаниясы» АҚ тарапынан апатты жедел жою және тұтынушыны үздіксіз электрмен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданып жатыр, – дейді «АЖК» АҚ Өтеген батыр ауданы электр желілері бөлімінің бас инженері Жәнібек ДАЛАБАЕВ.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!