Қазақстанда қағаз еңбек кітапшалары жойылуы мүмкін

Қайтейік енді

25.06.2026,

  в 15:00

150

Ондай нәрсе қазіргі заманда өзектілігін жоғалтқан

Қазақстанда қағаз түріндегі еңбек кітапшалары келесі жылдан бастап қолданыстан шығуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол ТҰЯҚБАЕВ мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Вице-министрдің айтуынша, еңбек кітапшалары қазіргі заманда өзектілігін жоғалтқан. Сондықтан еңбек қызметін есепке алудың толық цифрлық жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жоспарланып отыр.

«Бұрын оларды жоғалтып алмауға тырысып, өзімізбен бірге алып жүретінбіз, қажет болса қалпына келтіретінбіз. Қазір еліміздегі барлық жұмыс берушілер бойынша деректер цифрландырылды. Енді кадрлық және басқа да жүйелерді біріктіру қажет. Келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен көшеміз», деді Ербол Тұяқбаев.

Вице-министрдің сөзінше, бүгінде жұмыс берушілер туралы бірыңғай цифрлық база қалыптасқан. Келесі кезеңде кадрлық қызметтер мен өзге де ақпараттық жүйелер біріктіріліп, еңбек қызметін есепке алу толықтай электронды форматқа көшіріледі.

Министрлік еңбек кітапшалары цифрлық форматқа өтетінін бұған дейін де мәлімдеген болатын. Былтырдан бастап елімізде тұрғындардың жеке медициналық кітапшалары да цифрлық форматқа көшірілген.  

Фото: Ашық дереккөз.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!