Қазақстандықтардың айыппұлдары кешіріле бастады

Қайтейік енді

09.07.2026,

  в 15:00

159

Қоғамға аса қауіпті емес қылмыс жасаған кейбір сотталғандарға да рақымшылық жасалады

Қазақстандықтардың айыппұлдары кешіріле бастады. Бүгіннен бастап азаматтар «Әкімшілік жазадан босатылғаныңызды хабарлаймыз» деген сарындағы хаттар алып жатыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Мемлекет басшысы жаңа заңға қол қойғаннан кейін Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық қолданысқа енгізілген еді. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын 500 мыңнан астам азаматтың әкімшілік айыппұлдары есептен шығарылады.

Жаңа заңға сәйкес, төленбеген айыппұлдардың тек бір бөлігі ғана кешіріледі. Егер құқықбұзушылық салдарынан ешкім зардап шекпесе немесе келтірілген шығын толық өтелсе, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды да жауапкершіліктен босату қарастырылған.

Ол үшін белігілі бір мекемеге барып өтініш жазып, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады.

Жаңа заң тек қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жүзеге аса бастады. Хабарламаны жарты миллионға жуық азамат алады. Егер олардың айыппұлы рақымшылық талаптарына сай келсе, қарызы автоматты түрде есептен шығарылады.

Бірақ құқық бұзушылық қайталанса, кешірім жоқ. Бұл жеңілдік бәріне ортақ емес. Егер жүргізуші мас күйінде көлік айдаса, қарсы жолаққа шықса, қару немесе есірткіге қатысты заң бұзушылық анықталса, кінәліні ешкім ақтамайды. Сондай-ақ жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау, адам өлтіру және жыныстық зорлық-зомбылық секілді аса ауыр қылмысқа қатысы барлар амнистияға ілікпейді.

Жалпы, рақымшылық ішкі істер органдары рәсімдеген 1 миллионға жуық айыппұлға ғана қатысты болмақ.

– Заңға сәйкес, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтарға, онша ауыр емес қылмыстарға және келтірілген залалы толық өтелген орташа ауырлықтағы қылмыстарға қолданылады. Әкімшілік амнистия тек әкімшілік айыппұлдарға қатысты. Сонымен қатар заңның 3 және 8-баптарында амнистия қолданылмайтын құқық бұзушылықтардың нақты тізбесі көрсетілген, – дейді ҚР ІІМ департамент бастығының орынбасары Ермек ШҮЛДЕН.

Мұнымен қатар қоғамға аса қауіпті емес қылмыс жасаған кейбір сотталғандарға да рақымшылық жасалады. Қоғам белсенділері де бұл шешімді құптады. Себебі амнистияға бір рет іліккен адамның қайта қылмыс жасамайтынына сенуге болады дейді.

– Түрмеге адамдар түрлі жолмен түседі ғой. Арасында әділетсіздікке ұшырағандар да бар. Оларға рақымшылық жасалуы керек. Бір рет рақымшылық жасалса, олар келесіде қылмысты қайталамайды. Мүмкіндік беріп көрген дұрыс деп санаймын, – дейді қоғам белсендісі Сымбат САТТАРҚЫЗЫ.

Рақымшылық бұл – мүмкіндік. Амнистия жасау тек тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, тіпті ТМД елдері арасындағы да тұңғыш тәжірибе.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!