Ақтөбеде дәу жігіт мешітке келген баланы оңдырмай тепкілеп тастады

Қайтейік енді

29.07.2026,

  в 18:00

143

Досына араша түспек болған 15 жастағы бозбаланы 38 жастағы мешіт қызметкері есінен тандырды

Бұл оқиға биыл ақпан айында болған. 15 жастағы бала достарымен Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» орталық мешітіне тарауих намазына келген еді. Мешіттен шығарда оның достарының бірі кіре берістегі аяқ киімдердің арасынан сәнді кроссовкиді көзі шалып, досына: «Мынаны қара, былтыр менде тура осындай болған» деген.

Ол әлгі аяқ киімді қолына алып, бір-екі айналдырып, досына көрсеткен соң орнына қойған. Мұны мешітте жұмыс істейтін  38 жастағы Бауыржан УРАЛОВ көріп, бұларды ұры деп ойлаған да, кроссовки ұстаған баланы бас салып бір ұрған. Болған жағдайдың бәрі камераға жазылған. Ұрып құлатқаны аздай, басынан алты рет тепкен. «Қоя ғой, ұрма» деп араша түспек болған 15 жастағы бозбаланы да теуіп құлатып, ол қайта тұрмақ болғанда басынан тіземен тепкен. Содан кейін бала есінен танып, сол күйі сылқ еткен.

Бұл жағдай қалған екі досының көз алдында болған. Бала есін жиғанда Уралов «алып кетіңдер мынаны» деп,өзі түк болмағандай мешітке кіріп кетіпті.

Соққыға жығылған жасөспірімнің ми шайқалған екен. Ол 20 күннен астам ауруханада жатып, содан кейін бірнеше ай үйде жатты. Полиция бірден қылмыстық іс қозғады. Қазір Ураловтың ісі бойынша ҚР ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігі («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») және 293-бабының 2-бөлігімен («Ауырлататын мән-жайларда жасалған бұзақылық») сот өтіп жатыр. Бірақ Бауыржан Ураловтың өзі де жасөспірімнің үстінен полицияға арыз жазып қойған екен.

– Осы оқиғадан кейін ұлымның сабағы нашарлап кетті, ол төрт ай бойы үйде жатты. Қазір қайта-қайта басы ауырады. Ең сорақысы – бұл қылмыс мешітте, Рамазан айында жасалды. Осы уақыт ішінде мешіт басшылығы бір рет те баламның жағдайын сұрамады. Оқиға болған еді. Сотталушы да, оның ата-анасы да осы уақытқа дейін бізге келіп, кешірім сұраған жоқ. Мешіт басшылығы Ураловқа оң мінездеме берген. Баланы осындай күйге түсірген адамға! Бұл қалай? Оның үстіне барлық жерде Ураловтың мешітте ерікті қызметкер болғаны айтылып жүр, – дейді соққыға жығылған жасөспірімнің анасы Анар ИМАНБАЕВА.

Ата-анасы сот үкімі бас бостандығынан айырмай қоя ма деп қауіптенеді. Мұндай жағдайда Уралов бұрынғыдай мешітте жұмысын жалғастырып, түк болмағандай жүре бермек.

Сот барысында да айыпталушы жәбірленушіден кешірім сұраған жоқ. Қазір соққыға жығылған жасөспірімнің ата-анасы Ураловтан 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуді талап етіп отыр.

Фото: видеодан скрин.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!