Қайтейік енді
14.08.2026,
в 15:00
176
Жайылымдағы жұт. Қызылорда облысының екі ауданында жылқы жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды Информбюро 31.
Даладағы үйір-үйір жылқы шілде айынан бастап белгісіз дертке шалдыққан. Басы ісініп, жағы қарысқан аттар көп ұзамай арам қатады. Жайылымдар өлексеге толса да, мамандар қандай ауру екенін әлі күнге білмей отыр дейді шаруалар.
Жылқының ауырып бастағанына бір аптадай уақыт болды деседі. Яғни басы ісіп, жағы қисайып кеткен. Соның кесірінен жануар жем-шөп жей алмай қалған. Тіпті су да іше алмайды. Сондықтан жайылымда жүрген жерінен қораға әкеліп қамауға мәжбүр болдық деп отыр, дейді шаруалар.
Бұл – Жалағаш пен Сырдария аудандарындағы шаруалардың жылқылары. Ауызына салған бір уыс шөптің өзін шайнай алмайтын күйге түскен ірі қараның жағдайы аянышты. Белгісіз дерттің белгілері алғаш рет шілде айында шығыпты.
– Ауызына шөп тістеп алып жүреді де қояды. Уже миы жұмыс істемей қала ма? Кезіп жүре береді. Бір апта, 4-5 күн аралығында өліп қалып жатыр. Менен 5-6 бас кетті, – дейді Сырдария ауданының тұрғыны Амандық ҚИЯСОВ.
Тіпті кейбір шаруалар үйір-үйір жылқымыз арам қатып, жайылым өлексе толды деп күйінеді. Бірақ оның санын есептеп жатқан маман жоқ дейді. Ол аздай, жылқыларымызды жалмаған аурудың емін де тауып бермеді деп ашулы.
– Менен шынымды айтайын, қораға келіп өлгені 20 бастың үстіне кетті мал. Енді малдың анализін алып диагнозын айтса, бір бас малға 15-20 мың болса да дәрісін алып салар едік қой. Оны да айта алмай тұр ғой, – дейді Жалағаш ауданының тұрғыны Амангелді ЖҮСІПОВ.
Шаруалар шығынға баттық деп шыр-пыр болып жатса, ветеринарлар ахуал тұрақты дейді. Ал нақты қандай ауру екенін анықтау үшін сараптаманың нәтижесін күтуден басқа амалымыз жоқ деп ақталады.
– Бұл жөнінде біз енді облыстық ветеринариялық басқармаға ауырған малдардың қан сынамаларын жолдадық. Енді біз зерттеу қорытындысын күтуіміз керек. Өзіміз су ауруы деп болжап отырмыз. Біз енді алдын ала егіп, қазір енді эпизоотиялық ахуал тұрақты, – дейді Нұрлыбек ДӘУЛЕТБАЕВ, Сырдария аудандық ветеринариялық станциясының директоры.
Сондай-ақ мамандар бұл жұқпалы ауру болмағандықтан иелеріне өтемақы берілмейді деп кесіп айтты. Бірақ шаруалар қазір мемлекеттің қаржысы емес, малдарының амандығына алаңдап отыр.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
12.08.2026,
08:00
11.08.2026,
15:00
08.08.2026,
16:00
09.08.2026,
12:00
10.08.2026,
09:00