Tele2 Kazakhstan 15 жыл еңбек еткен қызметкерін жұмыстан шығарды

Дау-дамай

26.08.2026,

  в 13:30

256

Бірақ ол қызметкер енді жұмыстан заңсыз шығарылғанын сот арқылы дәлелдеп, компанияны сабасына түсірмек

Tele2 Kazakhstan брендімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-і Денис ЖОРНОВ деген қызметкерін жұмыстан шығарып жіберген. Бірақ Денис жұмыстан жөнсіз шығарылдым деп, дауласуға мәжбүр болды. Ол компанияда жұмыс істеген кезінде «1С:ЗУП» бағдарламасын енгізуге жауап берген.

Денис Жорнов.

Бұл бағдарламаны Қазақстанда мыңдаған кәсіпкер пайдаланатынын айтуымыз керек.

«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-і бұрынғы қызметкеріне жобаны жүзеге асыру кезінде жеке деректерге қатысты заңмен қорғалатын ақпарат жария болып кетті деген айып таққан екен. Ал Жорновтың сөзінше, жеке деректермен жұмыс ресми бекітілген жоба аясында жасалып, мердігердің ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі компаниямен алдын ала келісілген дейді. Жеке деректерді көшіру келісімшартта көрсетілген, техникалық сипаттамаларда атқарылуы тиіс жұмыстар тізімінде жеке деректер мен орташа жалақылар туралы мәліметті көшіру туралы тармақ болған екен.

Оның үстіне, Денис Жорновтың айтуынша, ол деректер базасын өз тарапынан ешқандай үшінші тұлғаға бермеген. Мердігерлердің серверге қашықтан кіруі компанияның ақпараттық қауіпсіздік қызметімен алдын ала келісілген.

2026 жылдың 2 ақпанында ақпараттық қауіпсіздік қызметі жобаға қатысушы мердігер ұйым қызметкерінің бір ақпаратты ашып қарағанын тіркеген. Сосын 26 ақпанда қызметтік тексеру басталып, ол тексеру мердігер ұйымның қызметкері өз компьютерімен деректер базасына қашықтан кіру кезінде «скриншоттар жасады» деген ұйғарымға келіпті.

Бірақ жеке деректердің бөтен біреуге берілгені, жарияланғаны немесе қорғалатын ақпараттық ортадан тыс жерге шыққаны дәлелденбеген. Денис Жорнов пен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-і арасындағы бұл еңбек дауының басты сұрағы осында.

Денисті жеке деректерді жариялағаны немесе таратқаны үшін жұмыстан шығармаған. Заңмен қорғалатын құпияны жария ету бабымен шығарған.

Бірақ іс жүзінде заңды бұзған – мердігердің қызметкері, Жорнов бар болғаны жобаның іске асырылуына жауап берген.

Қауіпсіздік қызметі мердігер тарапынан заң бұзушылыққа жол берілгенін тіркегеннен кейін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-і жобаны тоқтатпаған, тосқауыл қоймаған, мердігермен келісімшартты тоқтатпаған.

Мердігер тарапынан бұзушылық болғаны 2 ақпанда тіркелген. Денис Жорновтан түсініктемені 2 наурызда талап еткен. Ал жұмыстан тек 29 мамырда шығарған. Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек тәртібінің бұзылуы дерегі анықталғаннан кейін жұмыскерге тәртіптік жаза бір ай мерзімнен кешіктірілмей қолданылуы тиіс. Ендеше заңда бекітілген мерзім өтіп кетті, деп санайды Жорнов.

 Мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-інде 15 жыл бойы үздіксіз, мінсіз жұмыс істеп келдім. Басшылық тарапынан ешқашан ескерту алмап едім. Енді өз жұмысымды атқарғаным үшін ғана айыпты болып шықтым. Жалпы, біздің саламызда мұндай «статьямен» жұмыстан шығарылуың – ауыр соққы. 1С жүйелеріндегі автоматизация мен сүйемелдеу сияқты жұмыстар коммерциялық деректер, кадрлар мен қаржыға қатысты ақпараттарды тікелей қолына ұстатып қояды. Мені «құпияны жариялау» деген баппен кетіргені – менің кәсіби маман ретіндегі мансабыма үлкен зиян тигізеді. Сол себепті мен соңына дейін соттасамын, – дейді Денис Жорнов.

Енді бұл істің анық-қанығын сот қарайды. Бұл еңбек дауы – кез-келген жауапкершіліктің алдын ала бекітілген ережелер, түсінікті шаралар мен дәлелдерге негізделуі тиіс екенін көрсетеді. Әйтпесе цифрлық жобаларға қатысатын кез-келген қызметкердің басы бір күні бәлеге қалады. Өзіңе жүктелген жұмысты орындағаның үшін жұмыстан шығарылғаның расында да қисынсыздау болып тұр.

Фото: Depositphotos.com/Vicdemi.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!