Қазақстандық жұмысшыларды қарызға батырған «Samruk Business Academy»

Қайтейік енді

14.08.2026,

  в 12:00

581

«ҚазМұнайГаз» және «Самұрық-Қазынаның» бірлескен кәсіпорны ресейлік компанияда 70 оқытқан әр жұмысшысы үшін 18 млн теңгеден төлепті

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» дейтін компания бар. Қысқартып KPI дейді оны. Сол компания «ҚазМұнайГаз» және «Самұрық-Қазынаның» бірлескен кәсіпорны – «Samruk Business Academy» мекемесінен өз қызметкерлерін оқыту қызметін сатып алған. Ресейге барып 70 күн оқып келгені түбі компания қызметкерлерінің мойнына қарыз боп ілінген екен.

Сөйтіп «қораға» кіріп кеткендердің бірі – Фархат ТІЛЕКОВ. Бұл жігіт Атырау мұнай және газ университетін бітіріп, 2020 жылдың аяғында KPI компаниясының зауытына операторы болып жұмысқа кірген. Көп ұзамай басшылар оны 20 адамнан тұратын топтың құрамында Ресейдің Тобольск қаласындағы «Сибур» зауытына оқуға жіберді. Оқыту «Samruk Business Academy» арқылы рәсімделген (ол кезде бұл ұйым «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті» жекеменшік мекемесі деп аталған).

KPI-де оператор болып жұмыс істедім, резюме тастадым, өздері хабарласты. Сол кезде операторларды жұмысқа алып жатқан екен. Зауытта негізгі екі өндіріс бар, басындай жай ғана оператор болдым, сосын үшінші разрядты оператор атандым. Ол кезде зауыт әлі толық іске қосылмаған, жұмыс жоқ, тек оқыту мен дайындық жүріп жатты.

Біз Тобольск деген жердегі «Сибур» зауытына барып, 70 күн болдық. Соңғы екі аптада ғана зауытқа барып жүрдік, ол тәжірибе кезеңі болды. Ал оған дейін зауыт жанындағы оқу орталығында дәріс тыңдап, тесттер мен емтихандар тапсырып жүрдік. 2022 жылдың наурызында мен жұмыстан шығып кеттім. Содан кейін сол бір 70 күндік оқу үшін KPI-ға 14 млн теңгеден астам қарыз боп шыға келдім, – дейді Фархат Тілеков.

Компания бұл ақшаны Фархаттан сот арқылы өндіріп алды.

«Сибурмен» келісімшарт «Samruk Business Academy» арқылы жасалғанын сот барысында түсіндік. Бізде оқыту және оны жұмыспен өтеу туралы өз компаниямыз KPI-мен келісіміміз болды. Ал Қазақстандағы делдал компания бізді Тобольскке жіберумен айналысты, олармен бөлек келісімшарт жасалды.

Ең қызығы, компания тұру мен тамақ шығындарын бізге іссапар ақысы ретінде бөлек төледі. Яғни бұл сома тек оқыту үшін төленген.

– Әрине, бұл оқудың ақысын жұмыспен өтеу қажеттігін білдік. Бірақ нақты сомасы қандай және қанша уақыт жұмыс істеу керектігін білмедік. Егер маған жұмыспен өтеудің барлық шарттарын басында ашық айтқанда, мен келіспес едім, – дейді Тілеков.

Бұл арада компания мен қызметкерлер арасындағы келісім бойынша «Сибурдағы» оқу ақысы жалақыдан ұсталмағанын түсіндіре кеткен жөн. Тек белгілі бір мерзім жұмыс істеу қажет болған. Ал жұмыстан шыққан жағдайда қызметкерге жұмсалған қаражатты қайтару керек болған. Фархат Тілеков мұның себебі компанияның оқуға жұмсаған шығындары ғана емес, кадрлардың тұрақтамауы да себеп болуы мүмкін деп есептейді – ол кезде Атырауда «Теңізшевройлға» жұмысқа қабылдау жүріп жатқан, кей жұмысшылар оқуға барудан бас тартып, «Теңізшевройлды» таңдаған.

Жұмыстан кетіп қалғаннан кейін осынша көп ақша қарыз болып қалғаныма наразы болдым. Біріншіден, мен бұл оқуды мұндай сомаға бағаламаймын. Жалпы, үш жылға шаққанда 18 млн теңгеден астамға шығады, бірақ мерзімнің бір бөлігінде жұмыс істегендіктен, менен 14 млн теңгеден сәл астам ақша өндірілді. Бұл оқуды мен ары кетсе 5-6 млн теңгеге бағалаймын. Өйткені онда ерекше дейтіндей ештеңе болған жоқ – оқу орталығындағы кәдімгі сабақ. Бізге берілген сертификатының да ешқандай артықшылығы жоқ, онда тек қай тақырыпта қанша дәріс тыңдағанымыз жазылған.

Екіншіден, мен қарапайым жұмысшы болдым. Ондай соманы қайтаруға ақшаны қайдан табамын? Ол кезде 200 мың теңгеден сәл асатын жалақы алатынмын, ал разряд алған жағдайда көп дегенде 400 мың теңге төлеуші еді. Ең қызығы, оқудан кейін компания бәрімізді собеседованиеден қайта өтуге мәжбүрледі. Нәтижесінде мен разряд ала алмадым, – дейді KPI-дің бұрынғы қызметкері.

Сотта Фархат Тілеков оқыту құнының шынымен 18 млн теңге болғанын растауды талап етті. Алайда KPI тек «Samruk Business Academy»-мен жасалған келісімшартты көрсетті.

– Мәселе бұлардың «Сибурға» қанша ақша төленгенінде. Бірақ бұл ақпаратты мен ала алмадым, сот оған рұқсат бермеді. Нәтижесінде сотта жеңілдім, қазір сол 14 млн теңгені сот орындаушысы арқылы шамам келгенше төлеп жатырмын. Яғни мен компаниядан мені оқытуды сұраған жоқпын, бұл KPI-дің мүддесі үшін жасалды, ал ақыр соңында төлеуге мәжбүр болған – мен.

Айтпақшы, мен жалақыға көңілім толмағандықтан жұмыстан шықтым. Жалақымды көтеруге уәде берген, бірақ көтермеді. Үшінші разрядпен жұмыстан кеттім. Оқудан ешқандай пайда көрмедім: мен істеген уақытта зауыт іске қосылмады, біз ғимарат ішінде құр жүрдік, бізге бір тапсырмалар беретін, соны орындайтынбыз, ал өзіміздің өндірістік бағытымыз бойынша жұмыс істеген жоқпыз, – дейді Фархат Тілеков.

Компания есебінен оқыған Фархад Тілеков және басқа да қызметкерлермен жасалған стандартты оқыту келісімшарты мынадай: компания оқуға мүмкіндік береді, ал қызметкер өз кезегінде оқуды аяқтағаннан кейін белгілі бір мерзім жұмыс істеуге міндетті. Жұмыспен өтеу мерзімі оқытуға салынған қаражат көлеміне қарай белгіленеді: егер оқыту құны 300 мың теңгеге дейін болса –1 ай, 300-500 мың теңге аралығында болса – 3 ай, 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін – 6 ай, 1-1,5 млн теңге – 1 жыл, 1,5-2 млн – 1,5 жыл, 2-2,5 млн – 2 жыл, 2,5-3 млн теңге – 2,5 жыл және 3 млн теңгеден жоғары болса – 3 жыл.

Ал келісімшарт қызметкердің бастамасымен немесе жұмыс берушінің бастамасымен, бірақ қызметкердің кінәсінен бұзылған жағдайда, қызметкер KPI-ға оқуға байланысты барлық шығынды өтеуге міндетті. Айтпақшы, келісімшартта KPI оқудан бөлек тәуліктік шығындарды, жол ақысын, тұру шығындарын және қажет болған жағдайда визалық қолдауды да бөлек төлейтіні жазылған.

Яғни келісімшарт нақты оқу туралы емес, жалпы сипатта жасалады.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысынан белгілі болғандай, «Сибурда» 20 қызметкерді оқыту Kazakhstan Petrochemical Industries Inc компаниясына 376 млн теңгеге түскен. Бірақ бір қызығы, Фархат Тілеков пен оның әріптестері 2021 жылдың 28 сәуірі мен 28 маусымы аралығында оқыған, қызметкерлермен оқыту туралы келісім 23 сәуірде, яғни оқу басталардан бес күн бұрын жасалған. Ал KPI мен «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті» арасындағы келісімшарт 2021 жылдың 10 маусымында, яғни оқу аяқталуға жақындаған кезде жасалған. Келісімде тек жұмыспен өтеу мерзімін анықтауға арналған шекті сомалар көрсетілген, 18 млн теңге туралы ештеңе жоқ. Жұмысшылар оқудың миллиондаған теңге қарызға немесе үш жылдық құлдыққа айналатынын білмеген. Сот құжаттарынан жұмысшылардың осы оқуы 70 күнге 18 млн теңге тұратынымен танысып, қол қойғанын растайтын құжаттарды табу мүмкін болмады.

Айтпақшы, 376 млн теңге сомасындағы орындалған жұмыстар актісін жекеменшік мекеме 2021 жылдың 2 шілдесінде, яғни келісімшарт жасалғаннан кейін 22 күн өткен соң тапсырған.

Сотта «Сибурдағы» оқудың нақты құнын анықтау мүмкін болмады. Яғни жұмысшылардың оқу үшін ғана емес, жекеменшік мекеменің делдалдық маржасын да не үшін төлеуі керек екені түсініксіз күйінде қалды. Осы мәселеге Kazakhstan Petrochemical Industries Inc компаниясының тағы бір қызметкері Ерболат ТЕМІРХАНОВ та назар аударған. Оның ісін ашық дереккөздерден таптық. Бұл іс Фархад Тілековтің оқиғасына қатты ұқсас. Темірхановтың KPI-да ұзағырақ жұмыс істеген, сондықтан одан 7,3 млн теңге өндірілген. Ол да 2021 жылдың тамызында «Сибурда» «электр монтері» мамандығы бойынша оқыған. Бұл іс 2025 жылдың қаңтарында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған.

Adata.kz сервисінің мәліметінше, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc компаниясының құрылтайшылары құрамына 2024 жылдан бастап «Сибур» жауапкерлігі шектеулі қоғамы кірген. Ендеше KPI енді жұмысшыларын «Сибурда» оқуға делдал арқылы жібере ме, әлде тікелей жібере ме?

Hronika.kz осы және басқа да сауалдарды KPI компаниясына, «Samruk Business Academy»-ге, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға және Жоғары аудиторлық палатаға жолдады.

Редакция Қазақстан Республикасының білім беру орталықтарынан осы мақалада аталған мамандықтар бойынша оқыту құны туралы ақпарат беруді сұрайды.

Фото: sba.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!