Кабинетіне тегін ремонт жасатқан ақтөбелік полицей сотталды

Қайтейік енді

11.09.2026,

  в 15:00

203

Заңсыз мигранттарды елден шығарудың орнына олардың қызметін пайдаланбақ болған ғой

7 қыркүйекте Ақтөбе сотында Александр БАКШАНОВ дейтін полицей 6,5 жылға сотталды. 34 жастағы Бакшанов былтыр шілде айында ұстаған. Ол ҚР ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі – «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша күдікті ретінде қамауға алынған.

Былтыр ғана Ақтөбе қаласында жергілікті полиция қызметінде бөлім бастығының орынбасары болған Бакшанов не бүлдірген десеңіз, ол бір қулыққа барып, кабинетін Өзбекстан азаматтарына тегін жөндетіп алмақ болыпты. Негізі әлгі құрылысшылар Ақтөбеде заңсыз жұмыс істегендіктен, елден депортациялануы тиіс болған.

Былайша айтқанда, Бакшанов қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, Ақтөбеде заңсыз жұмыс істеген Өзбекстанның бес азаматын көші-қон қызметіне тапсырмай, әкімшілік жауапкершіліктен алып қалған.

Полиция бөліміне жеткізілген жұмысшыларды Бакшановтың тапсырмасымен учаскелік пунктте 5 сағаттан астам уақыт бойы су мен тамақ бермей ұстаған. Содан соң учаскелік полицейлер оларды қайтадан құрылыс нысанына апарған.

Ақтөбеге өзбек құрылысшыларын заңсыз әкелген ұйымдастырушыны жауапкершіліктен алып қалу үшін Бакшановтың нұсқауымен полицейлер хаттама толтырып, 195 мың теңге айыппұлды басқа адамға – ақтөбелік Нүркен ДҮЙСЕНОВКЕ салған. Сот оны айыппұл төлеуге міндеттеген, ал оның айыппұлын заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастырған Азамат МАХМУДОВ төлеген.

Бір қызығы, Дүйсеновке қатысты әкімшілік іс рәсімдеген инспектор САДУАҚАСҚЫЗЫНА Ақтөбе облысы полиция департаменті тәртіптік комиссиясының шешімімен қызметтік ескерту берілген. Садуақасқызының әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ҚР ҚК-нің 362-бабы бойынша қудалау тоқтатылған.

Бакшановтың нұсқауымен полицейлер ұсталған сегіз өзбектің үшеуін «құрбандыққа шалып», соларға хаттама толтырған. Сотта куәгер-полицейлердің бірі айтқандай, Бакшанов мұндай бұйрық басшылықтан, дәлірек айтқанда, 101 деген позывнойымен жүретін бір бастықтан келгенін айтқан.

Куәгер-полицейдің айтуынша, бұлардың «101» деп жүргендері облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардан САЙМАҒАМБЕТОВ.

Осылайша, бес өзбек жауапкершіліктен құтылған. Ал әкімшілік хаттама толтырылған үшеуі Бакшановтың кабинетінде жөндеу жұмыстарын тегін жасаған. Негізінде оларға айыппұл салынып, елден шығарылуы тиіс болған. Судья Дамир ПАНГЕРЕЙ Бакшановты тағылған айыптардың барлық тармағы бойынша кінәлі деп таныды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Фото мен видео: © Hronika.kz / Дмитрий Матвеев.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!