Қазақстанда Lada көлігін ешкім алмайтын болды

Қайтейік енді

17.09.2026,

  в 15:00

274

Қазақстанда ресейлік көліктерге сұраныс 99%-ға құлады

Қазақстанға Ресейден жеңіл автокөлік әкелу тоқтады. Маусым айында Ресейден импорт небәрі 72 долларды құрады. Сәуірде бұл көрсеткіш 5,5 млн доллар болған, деп жазады Mash.

Қаңтарда Ресейден 1 млн долларға жеңіл автокөлік әкелінсе, ақпан және наурыз айларында бұл көрсеткіш шамамен 1,5 млн доллардан болды.

8 мамырдан бастап Қазақстан Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктерге утильсборды көтеріп тастады. Қатты көтеріп тастағаны сонша, утильсборға төленетін ақша көліктің өз құнынан да асып түсетін болды.

Мұның себебі, оның алдында Ресейдің өзі ЕАЭО елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан әкелінетін автокөліктерге удай утильсбор енгізіп қойған. Қазақстан да қарап отырмай, «ә» дегенге «мә» деп, көршісінен көргенін қайталай салған.

Қазақстан бұрын да Ресейден көлік импорттап қатырмайтын. 2025 жылы республикаға жалпы құны 2,8 млрд доллар болатын 236,9 мың жаңа және жүрілген жеңіл автокөлік әкелінді. Оның 6 874-і ғана Ресейге тиесілі болған (2,9%). Ал Қытайдан сол жылы 164 мың автокөлік импортталған.

2020 жылы Lada Қазақстанда сатылымы бойынша Hyundai-ден кейінгі екінші марка болған еді. 2021 жылы «АвтоВАЗ» Қазақстандағы өндірісін тоқтатты. Қазір Lada ең көп сатылатын көліктердің жиырмалығына да кірмейді.

Ал Қазақстанның автокөлік нарығы өсіп келеді. Қаңтар–шілде айларында жаңа көліктердің сатылымы 1,7%-ға өсіп, 127,3 мың көлікке жетті. Қытайдың Changan маркасының сатылымы екі есе артса, BYD көліктерінің сатылымы үш есеге өсті.

Фото: Tricky_Shark / Shutterstock / FOTODOM.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!