Қайтейік енді
25.08.2025,
в 17:28
973
Ақтөбе облысында бес ауылды құм басу қаупі бар. Әсіресе Байғанин ауданында құм көшкіні қатты байқалады. Қазір екі ауылда құм тоқтату жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ егілген бұталар кеуіп, ұйытқыған желмен тосқауыл болмай тұр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жерде әйгілі Дюна фильмінің үшінші бөлімін түсіруге болады. Бейне бір белгісіз планетада немесе сахараның шөлінде жүргендей әсер қалдырады. Бірақ бұл Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Баршақұм ауылы. Дәл қазір бұл елді мекенге құм басу қауіпі төніп тұр.
Сүйіндік ЖӘМИ бұрын ауыл айналасында шөлейтті жерде өсетін өсімдік көп еді дейді. Ұйытқыған желмен бірте-бірте жылжыған құм бәрін басып қалған. Қазір қора-қопсыны ауыр техникамен қазып алуға тура келеді.
— 7-8 жылдың жобасында тегіс жерде тұрған қоралар бар. Міне, құм ысырылып-ысырылып жар болып жатыр. Қолмен не істей аласың? Қар емес еріп кетеді дейтін. Құмды лақтырсаң, қайтадан жел, екі күннің бірінде жел ғой, борап ысырып тастап тұр. Шет жақ мына үйлердің нобайы сондай, — дейді Баршақұм ауылының тұрғыны Сүйіндік Жәми.
Екі жыл бұрын Баршақұм мен Жарқамыста құмды тоқтатуға бағытталған жоба қолға алынған. Елді мекендер айналасында 22 гектар жер қоршалып, сексеуіл, жыңғыл, жүзгін егілді. Бірақ мердігер дер кезінде суармағандықтан ағаштар қурап қалған.
— Тағы жалғастырып жұмысты жүргізу керек. Тағы егу керек. Себебі өздерінің уәдесі бар. Осы ауылда естігеніміз. Үш жылға дейін қараймыз, өсіреміз, түгел өсіп кеткенше қараймыз деген. Сол жұмыс тоқтап қалды. Жоқ. Ол кісілерді көрмегенімізге бір жыл болар. Жоқ болып кетті. Көрінбейді. Енді былай қарасаң үкіметтен бөлінген қаржы құмға сіңіп жатыр. Жоқ болып кетіп жатыр, — дейді Баршақұм ауылының тұрғыны Марғұлан ТӨЛЕП.
504 млн теңгеге бағаланған ауқымды жобаны жүзеге асыруға алматылық компания кірісті. Мердігер болашақ жасыл белдеу орнын қоршап, тамшылап суару жүйесін жүргізді. Мекеменің өндіріс жетекшісі Арман НҰРҒИСАЕВ тапсырыс берушіден қаражат уақытылы аударылмағандықтан суарылмай қалды деп отыр.
— Биыл күзде көшеттерді қайтадан егеміз. Жүктелген міндетті орындаудан бас тартпаймыз. Бірақ бастысы аралық акттер бойынша төлемақы дер кезінде жасалуы тиіс. Қаражатсыз жұмыс істеу оңай емес. Жұмысшыларға қаңтар айынан бері жалақы төлей алмай отырмыз. Қаңтардан бері ақша аударылған жоқ, — дейді мердігер компанияның өндіріс жетекшісі Арман Нұрғисаев.
Тапсырыс беруші облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының уәжі басқа. Мердігер келісімшарт бойынша жүктелген міндетті сапасыз атқарды дейді. Маусым айында жүргізілген тексеру кезінде көшеттердің тек 10 пайызы жерсінген.
— 23-24 жылдары олар тиісті жұмыстарды жүргізіп, 362 млн теңге қаражат бөлінген. Биылғы жылға 46,6 млн теңге қаражат бөлініп тұр. Бірақ біз жұмыстардың сапасыз атқарылуына байланысты қаражатты төлеуден бастартып тұрмыз. Біздер қазіргі таңда басқарма тарапынан сотқа арыздандық, — дейді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ.
Баршақұм мен Жарқамысты құм көшкіндерінен қорғауға бағытталған жоба 3 жылға жоспарланған. Келер жылы 22 гектар жерде сексеуіл мен жыңғыл жайқалып тұруы тиіс. Бұдан бөлек Байғанин ауданында экологиялық қауіп төнген тағы үш ауыл бар.
Фото: 24.kz.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов, 24KZ.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
20.12.2025,
10:00
18.12.2025,
13:30
17.12.2025,
12:00
Реклама
Реклама