2027 жыл Қазақстанда «Жәрдемақы дауымен» басталуы мүмкін

Қайтейік енді

09.10.2026,

  в 15:00

174

Үйі, машинасы мен жұмысы бар адамдарға жәрдемақы төлеу тоқтатылады

Балаға, мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы енді отбасының әл-ауқатына қарап тағайындалады. Көптен бері қоғамда қызу талқыланған бастама ақыры келесі жылдан бастап күшіне енетін болды. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас БЕКТЕНОВ қол қойып тастапты, деп хабарлайды Информбюро 31.

Жаңа қаулы мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін қамтиды. Бұған дейін бұл төлемдер бала туғандарға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтар мен өзге де қолдауға мұқтаж жандарға олардың мәртебесіне қарай тағайындалып келді.

Енді жаңа жылдан бастап мұндай азаматтардың табысы мен тұрмысы да таразыға түспек. Дәлірек айтқанда, мемлекет азаматтарды әл-ауқатына қарай бес санатқа бөліп отыр. А – бірнеше үй, көлігі, кәсібі бар ауқаттылар тобы. В – тұрақты жұмысы, баспанасы мен машинасы бар орта тап. Ал C, D, E категориясына әл-ауқаты төмен не мүшкіл хәлдегі отбасылар жатады.

Жаңа талапқа сәйкес, жағдайы жақсы, яғни алғашқы екі санатқа кіретін отбасылар қаражаттан қағылады. Үміткерлер жәрдемақы алу үшін мемлекетке құпия деректерін тексеруге келісім беруі тиіс. Яғни, несие берешегі, ай сайынғы төлемі, мерзімі өткен қарызы мен өтелмеген сомасына дейін қаралады.

Бірақ әл-ауқаты мүлде тексерілмейтін санаттар да бар. Оған мүгедектігі бар балалар мен 1-2 топтағы азаматтар, ата-анасынан айырылған жетімдер, зейнетақы алатын марапатталған көпбалалы аналар және арнаулы кәсіптік жәрдемақы алушылар жатады.

Әлеуметтанушылар болса, халықтың қалтасына тиетін мұндай шешімді кабинетте отырып қабылдай салуға болмайды дейді. Өйткені жәрдемақыдағы әр өзгерістің ар жағында жай статистика емес, бүтін бір отбасының күнкөрісі тұр. Демек, мұндай асығыстықтың астарында бір гәп болуы мүмкін.

– Тез болып жатқанына қарап, қаржы керек болып жатқан сияқты. Қаржыны қай жерден аламыз деп. Көбіне осындай реформалар болған кезде әлеуметтік жүйеден алады. Білім, медицина, және мынау пособия. Бюджетке жетпей жатқан кезде осы 3 жерден алады ақшаны. Асығыстыққа қарап, сол бюджетке ақша керек болып жатыр ау деймін, – дейді әлеуметтанушы Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА.

Сарапшылар жәрдемақыны кімге беру керегін есептегенше, оның көлемін көтерсін деп отыр. Өйткені базардағы баға өсіп, күнделікті шығын қымбаттаған сайын әлеуметтік төлемнің салмағы азайып барады. Сондықтан мемлекет азаматтың ауқаттылығын ақыр сүзгіден өткізеді екен, мұқтаж деп танылғандарға берілетін көмекті де соған сай көбейтуі керек деген пікірде.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!