Қазақты бай-кедей деп 5 кастаға бөлетін калькулятор

Қайтейік енді

21.10.2026,

  в 15:00

214

Әл-ауқатты бағалайтын онлайн калькуляторға қатысты шу шықты

Шенеуніктер халықтың бай, не кедей екенін анықтаймыз деп әбден әбігерге түсті. Өткен демалыста еңбек министрлігі елдің әл-ауқатын бағалайтын онлайн калькуляторды іске қосқан еді. Өзінің қай санатқа жататынын жаппай тексере бастаған азаматтар жүйенің қате есептегенін айтып шу шығарды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Іле-шала жауаптылар сервисті тез арада жауып, «оны пайдалану құқығы тек жәрдемақы алатындарға ғана тиесілі» деп қысқа қайырды. 

Өткен жексенбіден бастап электронды үкімет порталында бай немесе кедей екеніңізді анықтап беретін калькулятор пайда болды.

Еңбек министрлігі мақтаған есептеуішті тексеріп көрем деген Төлегеннің де төбе шашы тік тұрды. Мүгедектігі бар азаматты онлайн жүйе «С» санатының қатарынан бір-ақ шығарған. Жаңа жүйеге сенуден қалған Төлеген, мұны мазаққа теңеп отыр.

– Мен көру қабілеті нашар болуыма байланысты мүмкіндігі шектеулі жанмын. Қазір жеке баспанам да, атымда жер де, көлік те жоқ. Дегенмен ел қатарлы жұмыс істеймін. Несием де бар, кешіктірмей төлеп жүрмін. Бірақ қазір көлемді несие төлеп жүрмін. Соған қарамастан, есептеу жүйесі мені «С» санатына жатқызады екен. Менің ойымша, бұның өзі бір қызық. Мүмкіндігі шектеулі жандар қалай «С» санатына жатады деген сұрақ туындайды, – дейді Төлеген ӘБДІРАСЫЛОВ.

Көптің ашуын тудырған калькулятордың «ғұмыры» ұзаққа созылмады. Енді оны тек жәрдемақы алушылар ғана пайдалана алады. Ал еңбек министрлігі бұл жүйені неліктен кенет жауып тастағанын түсіндіруге асықпай отыр, тіпті пікір айтудан да бас тартты. Бұл сұрақтың жауабын Құрылтай депутаттары да күтуде.

– Қазір кесіп-пішіп, бірдеңе деу ертерек. Бізде бұл мәселе бойынша әлі тыңдаулар болған жоқ, әдістемені де талқыламадық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге бірқатар іс-шара жоспарланған. Дегенмен бұл норма да әділдікті қамтамасыз етуге бағытталғаны анық, – деді Құрылтай депутаты Екатерина СМОЛЯКОВА.

Бұл калькулятор қазір eGov порталында тек жәрдемақы алатындар үшін ғана ашық. Ал өзге тұрғындар өз әл-ауқатын ақпарат сайттары арқылы тексеруге мәжбүр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!