Шоқан мектебінің оқушысы таң қаларлық нәтиже көрсетті

Новости

28.10.2026,

  в 14:56

222

Қазақ сыныбында оқитын Жасмин Жүсіпқызы SAT емтиханынан 1600 балдың 1600-ын жинап алды

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің 11-сынып оқушысы Жасмин ЖҮСІПҚЫЗЫ SAT халықаралық емтиханынан 1600 балдың 1600-ін жинап, ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Қазақ сыныбында грантпен оқитын Жасмин біліммен қатар спорт пен ұлттық өнерге де уақыт бөледі. Ол кәсіби үлкен тенниспен айналысады, домбыра тартады. Оқу мен спортты қатар алып жүруі оның табандылығы мен уақытын тиімді жоспарлай білуін талап етеді.

АҚШ-та білім алып, болашақта туған еліне қызмет етуді мақсат еткен Жасмин SAT емтиханына 9-сыныптан бастап дайындалған. Бұл жолда 2025 жылғы мектеп түлегі, Гарвард университетіне оқуға түскен Сабыржан АРМАННЫҢ кеңесі де көмектескен. Оның бағыт-бағдарымен Жасмин дайындық курстарына қатысып, емтиханға жүйелі түрде әзірленген.

SAT (Scholastic Assessment Test) — АҚШ-тағы және басқа елдердегі бірқатар жоғары оқу орнына түсу кезінде ескерілетін стандартталған емтихан. Ол оқу, жазу және математикалық дағдыларды бағалайды. Емтиханның ең жоғары нәтижесі — 1600 балл.

Биылғы оқу жылында Шоқан мектебінің SAT емтиханынан 1500-ден жоғары балл жинаған 12 оқушысы бар. Жасминнің нәтижесін қосқанда, мұндай көрсеткішке жеткен оқушылар саны 13-ке жетті.

Эколог Әсел ТАСМАҒАМБЕТОВА мен кәсіпкер Кеңес РАҚЫШЕВ негізін қалаған Shoqan School дербестендірілген білім беру моделін жүзеге асырады. Мектеп AP және SAT емтихандарының аккредиттелген орталығы әрі Council of International Schools (CIS) халықаралық ұйымының мүшесі.

2025 жылы тәлімгерлік бағдарламасының арқасында мектеп түлектері Гарвард университеті, Берклидегі Калифорния университеті және University College London университеттерінің бакалавриат бағдарламаларына грантпен оқуға түсті. Соңғы бес жылда мектептің негізін қалаушылар гранттар мен стипендияларға 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлді.

Фото: Shoqan School.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!