Қазақстандағы зікіршілердің тақсыры Исматулла Мақсұм тергеуге алынды

Қайтейік енді

29.10.2026,

  в 13:30

218

82 жастағы діни ұстаз жасөспірімдерге жыныстық зорлық көрсеткен деседі

Қазақстандағы сопылық бағыттағы «зікіршілер» жамағатының жетекшісі Исматулла МАҚСҰМ тергеуге алынды. Ішкі Істер министрлігі 82 жастағы діни ұстаз жасөспірімдерге жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетті деген ақпаратты тексеріп, мән-жайды анықтап жатыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Қылмыстық істің нақты қандай баппен қозғалғаны әзірге белгісіз.

Бұл сұмдықты діни қауымдастықтың мүшесі болған Ақылбек ЖҰМАБЕКОВ YouTube-тегі арнаға берген сұхбатында айтып берген. Оның сөзінше, Исматулла Мақсұм медреседе күн сайын бір жеткіншекті бөлмесіне шақыртып отырған. Тіпті, жәбірленушілерге қоқан-лоқы көрсетіп, ешкімге тіс жармауды бұйырған дейді.

Айта кетейік, Исматулла Мақсұм 2011 жылы діни экстремизм және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айыппен 14 жылға сотталған болатын. 10 жылдан кейін бостандыққа шыққан.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының мүфтиятқа қатысы жоқ екенін, олардың діни көзқарастары ұйымның ұстанымымен сәйкес келмейтінін жеткізді.

– Дінімізде адам баласына зорлық-зомбылық жасау, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу, адамды мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызды дін атын жамылып, өзінің ғана діни ұстанымын дұрыс санап, адамды өзіне тәуелді етуге және соқыр сенімге үндейтін кез келген ортадан сақ болуға шақырады, – делінеді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!