Қазақ полициясы желідегі әрбір комментті аңдуға кірісті

Қайтейік енді

03.11.2026,

  в 12:00

170

Біреу туралы «бейшара, ақымақ» деп жазғандар енді заңмен қудаланады

Елімізде әлеуметтік желідегі «бейшара, білімсіз, ақымақ» деп жазып, пікір қалдырса заңмен жауап береді. Яғни, осы сөздер арқылы өзге адамға жала жабылғаны дәлелденсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды Информбюро 31.

Қазір әлеуметтік желідегі пікірлерден небір ауыр сөздерді көруге болады. Кейбір қолданушылар өзгені балағаттап қана қоймай, дәлелсіз айып тағып, жеке басына тиіседі. Желіде жалпылама бейәдеп сөз айту «ұсақ бұзақылық» болып есептеледі. Ол үшін 86 500 теңге айыппұл төлеуге немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу көзделген.

Екінші рет қайталанса, сәйкесінше жаза мерзімі де екі еселенеді.

Ал жеке адамға қатысты кемсітетін пікірлер арыз-шағым негізінде қаралады дейді полицейлер.

– Осы шағымдар бойынша әкімшілік кодекстің 73-бабының 3-бөлігі бар, яғни жала жабуға байланысты. Біреуді кемсітіп, қадір-қасиетіне тиіп, неше түрлі жала жабылатын болса, арнайы сараптама тағайындау арқылы осы мәселемен біз әкімішілік жауапкершілікке тартамыз. Бұл жерде 20 тәулікке дейін қамаққа алу көзделгенін ескерткіміз келеді, – дейді Ердәулет ЖАУКЕЕВ, Қызылорда облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы.

Тіпті әлеуметтік желіде адамның ар-намысына нұқсан келтіретін сөздер үшін қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. Яғни «қорлау» бабымен 865 мың теңге айыппұл салынады.

Бірақ, бұл шаралар сын айтып, өз пікірін білдіретіндерді шектеу емес дейді полицейлер. Тек қолданушылар айтылатын не жазылатын әр сөздің жауапкершілігі барын ескерген жөн деп отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!