Қайтейік енді
04.11.2026,
в 19:00
181
Алматыда әскери қызмет кезінде ұлдарынан айырылған аналар әскердегі өлім-жітімге қатысты істердің әділ тергелмей отырғанын айтып, наразылық білдірді. Олардың сөзінше, кейбір қылмыстық істер суицид нұсқасымен жабылып, сарбаздардың өліміне жауапты адамдар тиісті жазасын алмаған. Баспасөз конференциясына жиналған аналар ұлдарының қазасына қатысты күмәнді жайттарды баяндап, істің жан-жақты әрі объективті тергелуін және әскердегі жүйелі мәселелердің шешілуін талап етті.

Баспасөз конференциясында сөз алған аналардың бірі – әскери қызмет кезінде қаза тапқан Алмас ШАХИМОВТЫҢ анасы Индира ТУҒАНБАЕВА. Оның айтуынша, ұлы Ұлттық ұланда небәрі екі ай қызмет еткен. Ресми мәлімет бойынша, сарбаз үш жыл бұрын құмды дауыл кезінде үстіне шатыр құлап, қаза тапқан. Алайда анасы ұлының өліміне қатысты бірқатар жайтқа күмән келтіреді.

Индира Туғанбаеваның сөзінше, ұлы әскерде жүргенде атына несие рәсімделген. Кейін банк өкілдері анасына хабарласып, қарыздың төленбегенін ескерткен. Анасы бұл мәселеге байланысты әскери бөлім басшылығына жүгінгенімен, нақты жауап ала алмағанын айтады.

Бұған дейін осы іске байланысты бұрынғы взвод командирі Ерболат ШАНАЗАР сарбаздардың атына несие рәсімдегені үшін кінәлі деп танылып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Алайда марқұмның анасы бұл үкімді тым жеңіл деп санайды. Ол істің қайта тексеріліп, ұлының өліміне қатысты барлық мән-жайдың анықталғанын талап етеді.
«Мен соттың шешімімен келіспеймін. Шаназар менің ұлым қызмет еткен ротаның командирі болған. Ұлым әскерге барғаннан кейін небәрі төрт күн өткенде оның телефоны арқылы несие рәсімдеген. Кейін банк маған хабарласып, баламның атына қарыз алынғанын айтты. Меніңше, осы несиелерден кейін ұлымның басына қиындықтар түсті. Оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Ол отбасымен үйінде жүре береді, ал мен жалғыз ұлымнан айырылдым. Мен бұл шешімді әділетсіз деп санаймын. Істің қайта қаралуын талап етемін. Үш жерден пышақ жарақаты мен 26 соққы іздері табылды, осының бәрін сотта көрсеткенімізде ешкім елегісі келген жоқ. Тек сол үстіне шатыр құлаған деп шектеле берді», – деді Индира Туғанбаева.

Жиынға қатысқан аналардың бірі – 2023 жылы Астанадағы Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінде қаза тапқан Қайсар СҰЛТАНОВТЫҢ анасы Сәуле ТІЛЕУБЕРГЕНОВА. Ол тергеудің баласы «өз-өзіне қол жұмсаған» деген нұсқасына сенбейтінін айтты. Тілеубергенованың сөзінше, ұлының өліміне қатысты іс үш рет суицид ретінде жабылып қайта ашылған. Анасы осы уақыт ішінде әділдік іздеп, түрлі мекемелерге жүгінген алайда қандай да бір нәтижеге қол жеткізе алмағанын айтты.
Оның айтуынша, Қайсар қайтыс боларынан бір күн бұрын үйіне бір күндік демалысқа келген. Сол кезде анасы ұлының денесінде ешқандай не жарақат, не көгерген із, не құлазыған күйзеліс те болмағанын айтты.

«Оқиға болардан бір күн бұрын мен баламды бір күндік демалысқа алып кеттім. Әскери бөлімде киімін ауыстырып жатқанда анасы ретінде денесін тексеріп, көгерген жері жоқ па деп қарағаным есімде. Ешқандай жарақат көрмедім. Ал ертесіне әскери бөлімге оралған соң, баламның қаза болғаны туралы қаралы хабар алдым. Балам бұған дейін қару-жарақ сақталатын бөлімде кезекшілік атқарғанын айтқан. Менің күдігім бар. Бәлкім, сол жерде заңсыз әрекеттерді көріп қойған шығар. Соған байланысты куәгердің көзін жою мақсатында баламды өлтірді ме деп ойлаймын», – деді Сәуле Тілеубергенова.
Сәуле Тілеубергенова істі қайта қарауға қол жеткізу үшін дәлелдер жинап, прокуратураға өзі жүгінгенін айтады. Алайда тергеу қайта басталғанымен, анасының айтуынша, іс әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Ол Қазақстанда ұлдарын әскерге жіберіп, кейін қаралы хабар алған аналардың көп екенін айтып, әскери салада түбегейлі өзгерістер қажет екенін жеткізді.
«Мен осылай жүрген жалғыз ана емеспін. Баласын әскерге жіберіп, ботадай боздап қалған аналар көп. Мен баламды осылай өле қалсын деп туған жоқпын. Бізге әскер керек, бірақ мұндай емес. Осы салада реформа жасап, тексеріс жүргізіп, созбалаңға салынған істеріміз бойынша әділдік орнағанын қалаймын», – деді марқұмның анасы.

Сәуле Тілеубергенова істі суицид дерегі бойынша ғана тергеумен шектелмей, Қылмыстық кодекстің 99-бабы – «Адам өлтіру» бойынша қайта саралауды талап етеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта суицид дерегінен бөлек, қызметтік салғырттық бойынша да тергеу жүріп жатыр. Бұл нұсқаға сәйкес, әскери психолог Қайсардан психологиялық тест алған кезде оның жағдайына тиісті деңгейде назар аудармаған болуы мүмкін. Алайда анасы мұндай түсіндірумен келіспейді.
«Қазір ашық тұрған іске суицид бабынан бөлек, тағы бір бап – қызметтік салғырттық қосылған. Яғни, әскери психолог Қайсардан психологиялық тест алған кезде оның психологиялық жағдайының нашарлағанына мән бермеген деген нұсқа қарастырылып жатыр. Бірақ мен бұған келіспеймін. Өйткені баламды қайтыс боларынан бір күн бұрын үйге демалысқа алып кеткенмін. Сол кезде оның бойынан өмірден түңілгендей, өзіне қол жұмсауға итермелейтін ауыр күйзелісті байқамадым», – деді ол.
Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген тағы бір қаза тапқан әскери қызметшінің анасы Шынар ИМАНҒАЛИЕВА ұлының әскери борышын өтеп жүргенде жарамсыз әскери техниканың астында қалып, көз жұмғанын айтты.
20 жастағы сарбаз Өсербай Ақан Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөлімінде қызмет еткен. Анасының айтуынша,оқу жаттығу кезінде көп тонналық әскери көлік оның ұлын басып кеткен. Салдарынан сарбаз ауыр жарақат алып, ішкі ағзалары зақымданған.
«Менің балам Ақан ӨСЕРБАЙ Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Оқу-жаттығу кезінде әскери бөлімнің басшылығы, полк командирі мен взвод командирі оқиға орнында болған. Менің ойымша, олар әскери техниканың жарамсыз екенін білген. Соған қарамастан, министрліктің алдында оқу-жаттығу көрсеткен. Жаттығу аяқталған соң командирлер тиісті нұсқаулық бермеген. Соның салдарынан әскери техника баламды окоптың ішінде басып кеткен. Ол сол жерде көз жұмды. Осы оқиға бойынша әскери техниканың ішінде отырған адам қызметтік салғырттық үшін кінәлі деп танылды. Бірақ біз техниканың жарамсыз екенін біле тұра оны пайдалануға бұйрық берген басшылық та жауапқа тартылуы керек деп есептейміз. Істі қайта қарап, әскери техниканың жарамсыз екенін біле тұра оны пайдалануға рұқсат берген жауапты тұлғаларды да жазалауды талап етеміз», – деді анасы.
Еске сала кетейік, биыл қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кеңес өткізіп, қаза тапқан сарбаздардың өліміне кінәлілер лауазымы мен шеніне қарамастан жауапқа тартылуы тиіс екенін айтты. Мемлекет басшысы әскери салада түбегейлі реформа жүргізуді тапсырды. Ал 21 қазанда Қауіпсіздік кеңесінде әскери реформаның жоспары мақұлданды. Оның ішінде мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөлу, сарбаздардың қауіпсіздігін күшейту және әскери бөлім командирлеріне тәуелсіз әскери кеңесшілер институтын құру қарастырылған еді.
Фото: © Hronika.kz / Перизат Ярликасинова.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
01.11.2026,
10:00
30.10.2026,
10:30
03.11.2026,
13:30