Атыраудағы орталық көпір құлайын деп тұр

Қайтейік енді

06.11.2026,

  в 13:30

206

Бір емес, екі жерден жарылыпты

Атырау халқын қаладағы көпірлердің техникалық жайы алаңдатып отыр. Олар тәулігіне мыңдаған көлік өтетін орталық өткелде жарықтар пайда болғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл Атыраудағы ең маңызды орталық көпірдің бірі. Күніне бұл жолмен мыңдаған көлік қатынайды. Бір апта бұрын мұнда пайда болған жарықтардан жүргізушілер қорқып қалғанын айтады. Себебі 60 жыл бұрын салынған өткел адам өмірі үшін қауіпті дейді.

  • «Бір емес, екі жерден жарылып тұр. Ал егер опырылып түсіп кетсе, кім жауап береді. Бәленбай адамның өміріне қауіпті», – дейді бір тұрғын.
  • «Әкімдік қолға алу керек. Тез жабу керек деп ойлаймын», – дейді тағы бір тұрғын.

Қаладағы көпірлерге 2023 жылы техникалық тексеріс жүргізіліп, апатты деуге тұрарлық нысан анықталмапты. Тіпті 1965 жылы салынған орталық өткелдің де «жағдайы қанағаттанарлық» деген қорытынды шыққан. Енді жауаптылар орталық көпірге арнайы белгі орнатып, ауыр жүк көліктерін жүргізбеу туралы шешім қарастырмақ.

«Орталық көпірді техникалық тексеруден өткізіп жатқан компаниядан ұсыным хат сұраттық. Олар көпірді әрі қарай қалай пайдалануға болатыны жөнінде ұсыныс береді. Мүмкін, көпірді жабатын шығармыз, болмаса жүк көліктері мен ауыр техникалардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін», – деді Автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Сәлімжан Мұсабаев.

Орталық көпірдің жарықтарына қатысты түпкілікті шешім техникалық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана қабылданады. Қазір қаладағы 6 өткелге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті қорытынды алынғаннан кейін жобалау сметалық құжаттама жасалады.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!