Қайтейік енді
10.11.2026,
в 15:00
347
«Сәбилі болған отбасының несиесі уақытша тоқтатылсын», деген ұсынысты Халық кеңесінің өкілі Мұрат ӘБЕНОВ тастады. Ол соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуіне жас отбасылардың қаржылық қиындығы кері әсер етті деп есептейді, деп хабарлайды Информбюро 31.
Яғни берешегі көп азаматтар сәбилі болудан қорқады. Көпшілік бұл бастаманы қолдап отыр. Расымен де, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жылда Қазақстанда бала туу көрсеткіші біраз төмендегені байқалады. Мәселен 2021 жылы елімізде 446 мыңға жуық сәби дүние есігін ашқан. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға азайса, биыл 9 айда 227 мың сәби өмірге келген.
Қазақстан халық кеңесінің өкілі Мұрат Әбенов бұл дабыл қағарлық жағдай дейді. Айтуынша, жұмыс пен баспананың жоқтығы және несиелік жүктеменің артуынан ерлі-зайыптылар сәбилі болуды ойламайды.
– Отбасыларды «қарыздық контрацепция» құрсауынан шығарып, туу көрсеткішінің төмендеуін тоқтату үшін мемлекет батыл қадамдарға баруы керек. Ең өзекті мәселе – микроқаржы ұйымдарының шектен тыс әрекеттерін қатаң шектеу, жеке сот орындаушыларының азаматтардың шоттарын жаппай бұғаттауына тосқауыл қою және бала дүниеге келген кезде пайызсыз автоматты несие демалысын енгізу, – деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов.
Қарапайым тұрғындар да сәбилі болған отбасылардың несие төлеуін уақытша тоқтату үлкен жеңілдік болады деп есептейді.
Ал сарапшылар халықтың банк алдындағы берешегінің артуы бала туу көрсеткішіне әсер ететіні рас дейді. Бірақ несиені уақытша тоқтатқаннан гөрі, азаматтардың неліктен көп қарыз алатынына ден қою керек деген пікірде.
– Уақытша тоқтату мәселені шешпейді. Себебі, мысалы, бір жылға тоқтатса, ол келер жылы төлейтін сомасы көбейіп кетеді. Сондықтан жастарда тұрақты жұмыс орны болмаған соң ертең олар тіпті үйленуден де бас тартады, бала туудан бас тартады. Себебі өз басын қалай асырайтынын білмей отырса, – дейді экономист Меруерт МАХМҰДОВА.
Экономистің айтуынша, мұндай бастаманы қаржы ұйымдары да қолдамайды. Сондықтан демографиялық өсімге тұрақты жұмыс пен жоғары жалақының маңызы зор дейді.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
09.11.2026,
15:00
09.11.2026,
12:00
04.11.2026,
14:30
09.11.2026,
10:30