Алматыда бұрынғы екі вице-министр мен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысына сот үкімі шықты

Қайтейік енді

11.11.2026,

  в 16:00

271

Тергеу есебіне сәйкес, мемлекет 1 млрд 958 млн теңге көлеміндегі кірістен қағылды

Алмалы аудандық сотында Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРОД) мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісімге байланысты қылмыстық іс қаралып, сот үкім шығарды. Іс бойынша бұрынғы вице-министрлер Ақмәди САРБАСОВ пен Дәулет АРҒАНДЫҚОВ, сондай-ақ Бірінші кредиттік бюроның бұрынғы басшысы Руслан ОМАРОВ сот алдында жауап берді. Сот олардың әрқайсысына қатысты шешім қабылдап, бірқатар айып бойынша ақтау үкімін де шығарды.

Айта кетейік, іс бойынша басты фигуранттардың бірі – бұрынғы вице-министр, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының экс-басшысы Дәулет Арғандықов. Оған қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, зиянды бағдарламаларды қолдану және пара беру баптары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға сотталды. Қызметтік өкілеттікті асыра пайдалануға көмектесу айыбы бойынша ол да ақталды

Сонымен қатар, осы іс бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша ақталды.

Ал бірінші кредиттік бюроның бұрынғы бас директоры Руслан Омаров пара беру, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалануға көмектесу және зиянды бағдарламаларды пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылды. Оған 7 жыл 6 ай жаза тағайындалды. Алайда Сарбасовтың қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануына көмектесті деген эпизод бойынша сот оны ақтады.

ЕРОД департаментінің бұрынғы директоры Тәуке БОЛАТБАЕВ пен орталық қызметкері Ақжол ДОШИМОВ зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Екеуіне де 3 жылдан жаза тағайындалғанымен, рақымшылыққа байланысты мерзімдері 2 жылға қысқартылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ, сот Омаров пен Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектордағы бірқатар ұйымдарда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Сотталған 5 адам жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған 1 күн жаза мерзімінің 1,5 күніне есептеледі.

Сондай-ақ, сот заттай дәлел ретінде танылған 75 мың долларды мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды. Айта кетейік, сот үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Екі бұрынғы вице-министр фигурант атанған іс қалай басталды?

Ақмади Сарбасов 2019 жылғы сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды. 2020 жылғы 4 маусымда министрдің бірінші орынбасары қызметіне ауысты. Ал Дәулет Арғандықов 2014-2015 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болған.

Сарбасов бұл қызметте 5 жылға жуық жұмыс істегеннен кейін, 2025 жылғы 9 сәуірде «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы болып тағайындалды. Екі күннен соң, 11 сәуірде басқа жұмысқа ауысуына байланысты бірінші вице-министр қызметінен ресми түрде босатылды. Оның ұсталғаны туралы ақпарат 2025 жылғы 1 шілдеде тарады. Еңбек министрлігі бұл мәліметті растағанымен, сол кезде істің мән-жайын жарияламады.

3 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) істің тағы 2 фигуранты  Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры Руслан Омаровтың ұсталғанын хабарлады. ҚМА мәліметінше, 2025 жылғы 28 маусымда Алматыда үшеуі 75 мың доллар көлеміндегі параны беру кезінде ұсталған. Тінту барысында 370 мың доллар мен 4,5 млн теңге тәркіленген. Сот оларды 2 айға қамауға санкция берген.

2025 жылғы қыркүйекте Сарбасовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша аса ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылғаны белгілі болды.

Мемлекет 2 млрд-қа жуық теңге көлеміндегі кірістен қағылған ба?

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2020 жылғы желтоқсанда ЕРОД-тың сол кездегі басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның жетекшісі Руслан Омаров қосымша келісімге қол қойған. Құжат бойынша, сұрауларды өңдеуден түсетін табыстың БКБ-ға тиесілі үлесі 30%-дан 35%-ға дейін көбейген. Ал мемлекеттік орталықтың үлесі 70%-дан 65%-ға дейін қысқарған.

Тергеу мұндай өзгеріс Бірінші кредиттік бюроның қаржылық пайдасын арттырды деп есептейді.

Айыптау тарабының тағы бір мәлімдеуінше, 2022 жылы ЕРОД жүйесіне Мемлекеттік кредиттік бюродан келетін сұрауларды өңдеуді баяулататын тетік енгізілген. Ал Бірінші кредиттік бюроның сұраулары жылдамырақ өңделген. Тергеушілер мұны жеке компанияға бәсекелесі алдында артықшылық беру әрекеті ретінде бағалаған.

Тергеу есебіне сәйкес, 2021 жылғы қаңтардан 2025 жылғы сәуірге дейін мемлекет 1 млрд 958 млн теңге көлеміндегі кірістен қағылған.

Бұрынғы вице-министр Ақмәди Сарбасов 75 мың доллар пара алған

ҚМА мәліметінше, 2025 жылғы 28 маусымда Арғандықов пен Омаров Сарбасовқа 75 мың доллар берген кезде үшеуі ұсталған. Кейін жүргізілген тінту барысында қолма-қол ақша тәркіленген.

Алайда, сотта айыпталушылар бұл айыптаулармен келіспеді. Сарбасов 75 мың доллар пара алмағанын, Арғандықовтан пәтерін жөндеу үшін 8 мың доллар қарыз алғанын айтты. Арғандықов ақшаны бергенін растағанымен, оның пара болғанын жоққа шығарды. Омаров та пара беру әрекетіне қатыспағанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін прокурор сот жарыссөзінде Сарбасовты 8 жылға, Арғандықовты 12 жылға, Омаровты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимовқа 4 жыл 8 ай жаза тағайындауды сұраған еді.

Фото: ЖИ.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!