Шалап
08.09.2025,
в 12:32
278
Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі, — деді президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бүгінгі Жолдауында.
Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген
— Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айқтанда: Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды, бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстірт қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек. Су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет. Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ, — деді мемлекет басшысы.
Суды рұқсатсыз бұрып алу жайттары жиі кездеседі
— Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлалуды жаңғырту жұмысындағы басты бағыттың бірі болуы тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс ұлттық су теңгерімін (баланс) қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуі тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес. Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде. Нақты нәтиже әлі жоқ. Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады. Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын-ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан дихандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суғаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі, — деді Тоқаев.
Каспий теңізі — бүкіл аймақтың тағдыры
— Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл қара нарықтағы суды заңсыз сату, я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет. Алайда Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруі тиіс.
Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым. Ұйым аясында су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым. Каспий теңізі бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан, жұмылып әрекет ету қажет. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет.
Бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табатын болсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көретін болады. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің әрекетімізге тікелей байланысты болмақ. Қоршаған ортаға жанашыр болу, бұған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау – ұлттық идеологияның өзегі болуы керек, — делінді Жолдауда.
Фото: inbusiness.kz.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
09.09.2025,
12:33
08.09.2025,
14:42
05.09.2025,
12:48
04.09.2025,
09:00
Реклама
Реклама