Ақтөбе облысында газ құю бекеттерінің иелері шу шығарды

Қайтейік енді

27.09.2025,

  в 16:00

225

Тығырыққа тірелген аудандық 30-ға жуық кәсіпкер ауданнан облыс орталығына арнайы келді

Шалғайдағы аудандарды сұйытылған отынмен қамтып отырған кәсіпкерлер банкрот болып, тапшылық туындайды деп отыр. Себебі, жаңа бұйрыққа сәйкес бір айда 20 тонна сатпаған бекеттерге газ мүлдем берілмейді, деп хабарлайды Информбюро 31.

Ұсақ станциялардың иелері бұл норманы орындау мүмкін емес деп ашынады. Сондықтан олар жауапты ведомстводан құжатты қайта қарауды сұрайды.

Тығырыққа тірелген аудандық 30-ға жуық кәсіпкер ауданнан облыс орталығына арнайы келді. Барлығы жаңа заңға өзгеріс енгізілсін деп отыр. Өйткені, алыс ауылдардағы газ құю бекеттері банкрот болудың алдында тұр. Егер жабылатын болсақ аймақтың тұрғындары газ таппай, тапшылық туындайтынына сенімді.

— Күз мезгілі, жауын шашын мал азығын дайындайды. Ойыл ауданында айтатын болсам бір аптадан артық уақыт мүлдем газ жоқ халықта. Ойылда төрт газ құю станциясы бар. Төрт газ құю станциясына төртінші тоқсанға тек қана 36 тонна бір газ құю станциясына газ бөліп отыр. Қалған үш газ құю станциялары жұмысын жалғастыру мүмкіншілік жоқ, — дейді кәсіпкер Ғалиасқар ЗАЙМОЛДИН.

Кәсіпкерлердің айтуынша, сұйық отын алдымен көтерме жеткізуші газ толтыру ірі станцияларына бөлінеді екен. Бұл заңға қайшы дейді. Олар әлеуметтік газ бірінші кезекте халыққа тікелей қызмет көрсететін бекеттерге берілуі керек деп отыр.

— Шалқар ауданында 8 газ құю бекеті бар. Соның алтауы газсыз қалып отыр осы айдан бастап. Министерство энергетика протоколы бойынша ай сайын бөлінеді. Бірақ ол реализацияға байланысты. Реализация көп болу үшін біз газды көп сатуымыз керек. Ал бізге аз беріледі Сондықтан барымызды сатамыз да газсыз отырамыз, — дейді кәсіпкер Қанат СЫДЫҚ.

Ал, мамандар сұйытылған мұнай газы энергетика министрлігі бекіткен ереже бойынша бөлінетінін айтты. Бірақ кәсіпкерлердің мәселесін жауапты ведомствоға жеткіземіз деп сендірді.

— Өзгеріске сәйкес, бұрында газды автокөлікпен тасымалдау кезінде 5 тоннадан жоғары беретін болса, сол кәсіпкерге алуға мүмкіндік бар еді. Қазіргі таңда энергетика министрлігі осы бұйрыққа өзгеріс енгізіп, 20 тоннадан кем газ алынған жағдайда кәсіпкер, газ бөлінуіне ережесіне сәйкес қатыса алмайтыны анықталған болатын. Қазіргі таңда қазан айында 28 кәсіпкеріміз распределениеге кіре алмай қалды, — дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас САЛЫҚБАЕВ.

Шенеуніктер аймақта газ тапшылығы бар дейді. Себебі, соңғы үш жылда газбен жүретін көліктер саны үш есеге артқан. Сондықтан басқа өңірдегі зауыттардан газ алу мәселесі қарастырылады дейді.

Фото: Информбюро 31.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!