Жол жөндеуге шыққан жұмысшылар арақ ішіп, авария жасады

Қайтейік енді

20.11.2025,

  в 15:00

288

Жұмысшылардың тапа-тал түсте неліктен ішімдік ішіп жүргені белгісіз

Қызылорда-Жезқазған тас жолын жөндеп жатқан жұмысшылар ішімдікке сылқия тойып алып, жол апатына түсті. Төрт азамат отырған көлік қарсы бетке шығып, өзге машинамен соқтығысқан, деп хабарлайды Информбюро 31.

Соның салдарынан бірнеше жолаушы жарақат алды.

Зардап шеккен такси жүргізушісі мас күйінде рөлге отырған азаматтың бостандықта жүргеніне наразы. Әділдік талап еткен тұрғын құрылыс компаниясы шығынымды толық өтеп, кінәлілер заң алдында жауап берсін деп отыр.

Жезқазған қаласына көлігімен жолаушылар апара жатқан Рүстем ӘЛІБЕКОВ қарсы беттен қатты келіп соққан машинаны байқап үлгермедім дейді. Тек есеңгіреп сыртқа шыққанда “Қазавтожол” логотипі жабыстырылған қызметтік автомобиль екенін аңғарыпты.

Ал темір тұлпардағы жол жөндеуші азаматтардың мас болғаны сонша, тәлтіректеп аяқтарынан әрең тұрды дейді.

– Маған қарсы бағытқа Пикап автомобилі келіп соқтығысып осындай жағдай болды. Қарсы бағытқа шықты. Зақымданған іште адамдар бар. Бұғанасы, аяғы сынған. Мына жігіт каток айдайды екен. Соған айдатқан. Енді мекеме басын алып қашып жатыр, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Рүстем Әлібеков.

Жарақат алған жолаушылар ауруханаға жеткізілген. Такси көлігін соққан азамат жол жөндеп жүрген жұмысшымын дейді. Тіпті ішімдік ішіп рөлге отырғанын да жасырмай айтты.

– ДТП болды. Мен айдап бара жатқан кезде. Қарсы бағытқа шығып кеттім. Үшеумізде арақ ішкен болатынбыз. Үш шиша болды. Соны ішкен едік, – деді Қалижан ЕЛЕМЕСОВ, мердігер компанияның жұмысшысы.

Яғни, салонда мас күйдегі өзге де құрылысшылар болды, дейді жүргізуші. Ал көлігі бүлініп, шығынға батқан азамат кінәсін мойындап отырған адамның бостандықта жүргені ақылға сыймайды дейді.

Полицейлер болса жол апатының жай-жапсарын анықтап жатыр екен.

– Қазіргі уақытта жол көлік оқиғасының барлық мән-жайларын анықтау үшін тиісті тексеріс жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Кінәлілер анықталып, тиісті процессуалдық шешім қабылданады, — деді Ұлытау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

“Қазавтожол” компаниясының өкілдер мердігерге тиесілі көліктің жол апатына байланысты пікір білдірмейміз деді.

Ал күрделі жөндеу жұмыстары ұзаққа созылған Қызылорда-Жезқазған тас жолындағы жұмысшылардың тапа-тал түсте неліктен ішімдік ішіп жүргені белгісіз.

 Зардап шеккен такси жүргізушісі жолаушы тасымалдап нәпақа табады. Сондықтан ол машинасын тезірек жөндеп бергенін қалайды.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!