Билік үнсіз. «Жайылымдар туралы» заң жайына қалды

Қайтейік енді

10.12.2025,

  в 13:30

252

Осыдан екі жыл бұрын заңға енгізілген түзетулерге қарамастан, ірі латифундистердің босқа жатқан жайылым жерлері жеке шаруашылықтардың пайдасына тәркіленбей отыр

Екі жыл бұрын мәжіліс депутаты Нұржан ӘШІМБЕТОВ ірі латифундистердің наразылығына қарамастан, Жер кодексінің 92-бабына өзгеріс енгізуге қол жеткізді. Бұрын онда фермерде нормативтің 20 пайызы көлеміндегі малы болса, жер учаскесі игерілген болып есептелетіні және жайылымын одан тартып алуға болмайтыны жазылған еді. Әшімбетовтың бастамасымен бұл норматив 20 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілді.

– Қазақстан жайылымдық жерлер көлемі бойынша әлемде бесінші орында, бізде 183 миллион гектар жайылым бар, – деген сол кезде Нұржан Кемерұлы. – Халық санына шаққанда біз тіпті бірінші орындамыз, яғни мал бағуға жер жеткілікті. Бірақ жеме-жемге келгенде халық малын жаятын жер таппай жүр. Бұл қалай? Өйткені Қазақстанда байлар жерді молынан алып қойған, бірақ оны не өздері пайдаланбайды, не біреуге бермейді. Нормативті 50 пайызға көтергенде не болатынын JerInSpectr деген арнайы цифрлық платформа арқылы қарадық – 20 миллион гектар жерді тәркілеп, мұқтаж адамдарға бере салуға болатыны анықталды. Оның ішінде сұранысқа ие жақсы жайылымдар да бар.

– Бірақ қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл норманы қолданбай отыр. Еліміздегі кез келген шаруашылықтың жайылымы мен малының бар-жоғын қадағалайтын жүйе жасалып, дайын тұр, бірақ Цифрлық даму министрлігі оны қабылдағысы келмейді. Ақша керек, анау керек, мынау керек дейді. Мен бұл мәселе бойынша вице-премьер ЖҰМАНҒАРИНГЕ екі рет депутаттық сауал жолдадым, жауабын әлі күтіп отырмыз.

Жер инспекциялары да біртүрлі жұмыс істейді. Жоспармен ғана. Мысалы, Павлодар облысынан 100 мың гектар жерді тәркілеу керек десе, олар дәл 100 мыңды тәркілейді. Мен министрлік жанындағы Жер ресурстарын басқару комитетімен апта сайын кездесемін, олар да басын шайқап отыр. Жерді тәркілеуден бөлек, оларға жайылымдар мен егістік жерлерді мұқтаж адамдарға уақытылы тарату міндеті жүктелген. Қараша айының ортасында өткен АӨК-тің екінші форумында президент оларға жерді конкурстан тыс беру үшін цифрлық бағдарламаны дайындауға бір апта мерзім берді. Яғни, қазіргі жер комиссияларының орнына жерді автоматты түрде бөлетін, адами факторсыз жұмыс істейтін жүйе болуы керек. Жер ресурстарын басқару комитеті сол бағдарламаны жазып, заңнамаға сәйкес нормаларды енгізуі тиіс еді. Бірақ әлі үн жоқ.

Қыркүйекте ауыл шаруашылығы кадастры жұмыс істемей қалып, халық жерін рәсімдей алмай қиналды. Тексере келсек, – Жер ресурстарын басқару комитеті жасырын түрде, бір аса танымал депутат – «жер маманы» (оның атын атамай-ақ қояйық) арқылы жаңа норманы өткізіп жіберіпті: енді ауыл шаруашылығы жер кадастрын «Азаматтарға арналған үкімет» емес, олардың ведомстволық ұйымы – «ГИПРОЗем» жүргізетін болыпты. Бұрын азамат жер учаскесін рәсімдеу үшін ЦОН-ға келіп, «бірыңғай терезе» арқылы өтініш беретін, елдімекен жері ме, ауыл шаруашылығы жері ме – бәрібір еді. Енді егер елдімекен жері болса – ЦОН-ға, ал ауыл шаруашылық жері болса – «ГИПРОЗемге» баруы керек екен. ЦОН бұрынғыдай жақсы жұмыс істеп тұр, ал «ГИПРОЗемнің» цифрлық бағдарламасын Цифрлық даму министрлігі өткізбей қойды, – дейді ол.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!