Утильсбор кесірінен жұрт жалған нөмір тағып жүр

Қайтейік енді

11.01.2026,

  в 14:00

299

Көлігін тіркемей, жалған нөмір пайдалануға бел буған бір жүргізуші ұсталып қалды

Жамбыл ауданының орталық көшелерінің бірінде кезекші патрульдік полиция қызметкерлері күдікті нөмірдегі BMW автокөлігін байқап, оны тексеру үшін тоқтатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тергеу барысында жүргізуші Грузиядан әкелінген көлікті тіркемей, оған қоса, басқа көліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірін өз темір тұлпарына тағып алғаны анықталды.

Аталған оқиға негізінде құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3-бөлігі (жалған нөмірлер қою) және 4-бөлігі (көлік құралын жалған нөмірмен басқару) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құжаттар Жамбыл аудандық сотына жіберілді.

Сот қаулысымен жүргізуші әкімшілік қамаққа алынып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Көлік қамауға алынды.

Полицейлер қазіргі таңда жалған нөмірлерді пайдалану мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті.

Өткен жылы облыста жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнатқан 45 адам жауапкершілікке тартылса, осындай нөмірмен көлік жүргізген тағы 70 жүргізушіге жаза қолданылды.

Фото: Жамбыл облыстық ПД.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!