Қайтейік енді
13.01.2026,
в 13:30
227
Алматы қаласындағы Зерделі ықшамауданының тұрғындары суды тасып ішіп отыр. Себебі краннан аққан су қолдануға жарамсыз, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Тамыз айында қолданысқа берілуі тиіс жол құрылысы да әлі бітпеген. Жауаптыларға хабар жеткенімен, әлі шара қолданылмапты.
Зерделі ықшамауданында 17 мыңға жуық тұрғын бар. Судың сапасы бұқараның басты мәселесіне айналған. Тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Себебі, краннан аққан су ішпек түгілі, тіршілікке жарамсыз.
– Су не ішуге жарамайды, не шомылуға жарамайды. Судың түсі деген мутный. Отоплениеге жіберілген кезде ол жерде отоплениенің бәрін бітеп тастады. Енді кей үйлерді бізде отопление жоқ. Екінші мәселе бізде қоғамдық көлік. Мына Мөңке би бізде августтың соңында бітеді деген еді. Мөңке бидің бас жағына машинаны тастайсың да, үш автобус, үш остановка жаяу баланы көтеріп мына 148-ші садикке келеміз. Баланы көтеріп, – дейді «Зерделі» ықшамауданының тұрғыны Ләззат КЕРІМҚҰЛОВА.
Ықшамауданның жыры бұнымен бітпейді. Былтыр жаз айында аяқталуы тиіс жол құрылысы да жарты жолда қалды.
– Мына көрдіңіз, өңкей инвалид адамдар, кәрі адамдар, жаңағы жас балалар, оқушылар – барлықтары анау Ақан-Сара жолына өтуі – өте қиын жағдай. Бізде ол жерде бірнеше адамды қағып кеткен жағдай болды, – дейді «Зерделі» ықшам ауданының тұрғыны Сәуле БЕКМҰРАТОВА.
Әкімдіктегілер ауызсудың сапасыз болуын жақын маңайларда салынып жатқан тұрғын үй кешендерімен байланыстырды. Жаңа су құбырлары қолданысқа енген соң уақытша келеңсіздік болғанын мойындады. Бірақ шара қолданылмады деген халықтың сөзін жоққа шығарды. Тіршілік нәрінің мәселесі толықтай шешілді, ал тас жол осы айдың аяғында қолданысқа беріледі деп сеніммен айтты.
– Нақты қай күн аяқталатынын мен айта алмаймын. Себебі тапсырыс беруші Энергетика басқармасы. Олардың информациясы бойынша, ақпаратына сәйкес, осы көше бойынша жұмыстарды айдың аяғына дейін бітіреміз деп отыр, – дейді Әділ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, Алатау ауданы әкімі аппараты, коммуналдық-шаруашылық бөлімінің бас маманы.
Зерделі жұртшылығына осыған дейін де талай уәде берілген. Сондықтан әкімдіктің құрылыс ай соңына дейін бітеді деген сөзіне күмәнмен қарайды. Егер осы жолы да нәтиже болмаса, тұрғындар министрлікке дейін шағымданамыз деп отыр.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
10.01.2026,
17:00
10.01.2026,
18:00
08.01.2026,
13:30
12.01.2026,
12:00
Реклама
Реклама