Таразда мұқтаж жандарға жалға берілген жаңа үйлер бүліне бастады

Қайтейік енді

25.01.2026,

  в 14:00

1014

Енді әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылып, олар үйлердің шатыры мен қабырғасын қалпына келтірмек

Таразда әлеуметтік топтарға жалға берілген жаңа үйлер екі жылға жетпей сыр бере бастады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Көпқабатты үйдің тұрғындары шатырдан су өтіп, іргетасына сызат түскенін айтады. Пәтерлердің іші ылғал тартып, қыбарғасы көгере бастаған.

Ал әкімдік өкілдері кепіл мерзімі өтпеген тұрғын үйлердің кем-кетігі толық жөнделеді деп отыр. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, олқылықтың орнын толтыру көзделіп отыр.

Әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындар жылдар бойы кезек күтіп қолы жеткен пәтердің сапасына көңілі толмайды. Қазір сатып алу құқығымен берілген баспананың шатырынан су өтіп, қабырғалары қақырай бастапты.

Келіншегім бірінші топтағы мүгедек, мен де бірінші топтамын. Келіншегіммен кезекпен үй берген. Алғаннан кейін жөндеп, үйге кірдік. Бір жылдан кейін қабырғалары көгере бастады, бәрі быт-шыты шықты. Үйде екі айлық баламыз бар, оның өкпесі сырылдайды. Екі көрпе жамылып, төсеке киіммен жатырмыз, — дейді Ақылбек ХАМИДУЛЛАЕВ.

Тұрғындар жалға берілген үйлерде мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына да жағдай жасалмағанына өкпелі. Олардың айтуынша, мұндай ауқымды жұмысты жүргізуге шамасы келмейді. Ал шенеуніктер кемшіліктер жақын арада түзетіледі деп уәде берді.

Ол мәселеленің бәрін біз қазір көрдік, өзім жеке әр пәтерге кіріп шықтым, сол ақаудың барлығын комиссия анықтайды. Актіге енгізеді. Біз енді кезең-кезеңімен шешеміз. Егер де ескертуді мерзімінде орындамайтын болса, жоғарғы тұрған сот органдарына жүгінеміз, — дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана СЛАМБЕКОВА.

Қазір әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылып, тұрғын үй кешеніндегі кем-кетікті анықтауға кіріскен. Олар ең алдымен мұндағы үйлердің шатыры мен қабырғасын қалпына келтіруді қолға алмақшы. Ал шығынды тұрғын үйді салған құрылыс компаниясы көтереді.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!