Дау-дамай
18.03.2026,
в 15:00
250
Алматының қақ ортасында тұратын ағайын жыларман күйде жүр. Себебі олардың үйлері ойда-жоқта сүрілгелі жатыр. Ал өтемақысына берілетін ақшаға «жатақханадан бір бөлмелі пәтер де ала алмаймыз» деп азар да безер, деп хабарлайды Еуразия Бірінші арнасы.
Бұқара бұзылған баспананың орнына элиталық үй салынады дегенді естіп, атқамінерлердің бұл шешімін түсінбей әлек.
Әкімдіктің айтар өз уәжі бар.
Алматылық Еркебұлан ЕДІКЕЕВТІҢ осы ауданда тұрып жатқанына 30 жыл болған. Бес баласы бар. 40 млн теңге жұмсап, бес бөлмелі үй тұрғызған. Алайда оны үй ретінде емес, қосалқы құрылыс ретінде ғана рәсімдеген. Ал екінші үйде ағасы үш баласымен тұрады. Ұсынылған өтемақыға 12 жаннан тұратын екі отбасыға баспана алу мұңға айналуда.
– Ағам екеумізде бір учаскеде екі үй бар. Екеуіміз де тұрып жатырмыз. Қазір ол ақшаны екіге бөлетін болсақ, оған үй келмейді. Оған Алматының шетінен участок қана келуі мүмкін, Ол ақшаға үй сала алмаймыз, сол қиын мәселе боп тұр, – дейді қала тұрғыны Еркебұлан Едікеев.
Вахтангов көшесінде орналасқан 34 үй сүрілмек. Алайда тұрғындардың оған көңілі толмайды. Мұндағы баспаналардың дені бір-біріне жапсарлас салынған, жерлері 2-3 сотықтан аспайды. Өтемақыны осы аумақтан пәтер сатып алатындай етіп берсін дейді. Ал Бостандық ауданында екі бөлмелі ескі үйдің өзі кем дегенде 45 миллион теңге тұрады.
– Мынау қаланың орталығы, қаладағы ең жақсы аудандардың бірі. Бізді мизерный компенсациямен шет жаққа шығарып тастағысы келіп жатыр да. Әрине, біз де, көршілердің бәрі қарсы, – дейді қала тұрғыны Асхат МЫРЗАБЕКОВ.
Ал Жер қатынастары басқармасындағылар «мүліктің бағасын шығарып отырғандар тәуелсіз бағалаушы компания» дейді. Айтуларынша, тұрғындардың үйлеріне нарықтық баға ұсынылыпты. Әр сотығына 12 миллион теңге. Ал үйлері бөлек бағаланады екен. Мұнда саябақ салынбақ.
– Бұл жерде ұсынып жатқан – Бостандық ауданы әкімінің аппараты. Бұл жерде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жер жетіспеуіне байланысты бізге, Жер қатынастары басқармасына осы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою жұмыстарын жүргізуді сұрады, – дейді қалалық Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Мұхтар КӨЛБАЕВ.
Алайда жұртшылық бұл аумаққа элиталық тұрғын үй кешені салынғалы жатқанын айтады. Қолдарындағы жобада саябақ атауымен жоқ дейді. Наразы тұрғындар қала әкімінен қаулының күшін жоюды, болмаса өтемақының көлемін көтеруді сұрауда.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
16.03.2026,
09:00
17.03.2026,
09:00
12.03.2026,
19:00
Реклама
Реклама