Алаяқтар бухгалтерлерді де алдайтын болыпты

Ду шапалаq

30.04.2026,

  в 10:30

668

Мұндай схеманың негізгі екі тәсілі бар

Қазақстанда алаяқтықтың тағы бір схемасы шығып жатыр. Ол компаниялардың бухгалтерлеріне бағытталған. Ол қалай және одан қалай сақтануға болады?

Неден басталады?

Алаяқтар алдымен қауіпсіз болып көрінетін файлдар жасайды. Бұл Excel кестелері немесе «бухгалтерлік бағдарламаларға қажетті» орнату файлдары болуы мүмкін. Осы файлдардың ішінде вирустар немесе зиянды бағдарламалар жасырылған. Солардың көмегімен алаяқтар компьютеріңізге қол жеткізеді.

Алаяқтар бухгалтерді қайдан табады?

Қылмыскерлерге нақты бір адамның байланыс деректерін білу міндетті емес. Олар ашық дереккөздерден тапқан компания қызметкерлерінің кез келгеніне зиянды файл жібере алады. Мысалы, менеджерге. Әдетте мұндай файл шот-фактура, төлем шоты немесе басқа да құжат болады. Кейде алаяқтар «бухгалтердің нөмірін жоғалтып алдық» деп жазып, менеджерден хатты соған жеткізуді сұрайды.

Алаяқтар тағы қандай файлдар жіберуі мүмкін?

Өкінішке қарай, олар ойына келгенін істейді. Олар зиянды бағдарламаларды төлем құжаттары, жалақы мен сыйақылар туралы кестелер, бағдарламаларды «жаңартатын» орнату файлдары және тағы басқа көптеген кейіпке салып жасырады.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Мұндай схеманың екі негізгі тәсілі бар.

Біріншісі: жүктелген файл бухгалтердің компьютерінде зиянды бағдарламаны іске қосады. Ол алаяқтарға барлық ақпаратқа, соның ішінде бухгалтерлік бағдарламалардың логиндері мен парольдеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Екіншісі: зиянды бағдарлама бухгалтер төлем жүргізіп жатқан сәтте компьютерді «қатып қалғандай» күйге түсіреді. Алаяқтар сол уақытта ақша алушының деректерін өзгертіп жібереді. Әдетте бұл байқалмай қалады.

Қайта тексеруге болады ғой?

Әрине. Бірақ алаяқтар да мұны түсінеді және жәбірленушінің қырағылығын бәсеңдету үшін барын салады. Олар файлдарды көбіне жұмыс күнінің соңында, демалыс күндері және мереке алдындағы күндері жібереді. Мұндай кезде файлдар жіті тексерілмейді. Алаяқтардың тағы бір айласы – шұғылдық. Олар көбіне төлемді дәл қазір жүргізу керек деп жазады, асықтырады.

Ақшаны қайтарып алуға бола ма?

Теорияда болады, бірақ іс жүзінде бұл өте қиын. Заң бойынша банк алушының келісімінсіз төлемді кері қайтара алмайды. Егер алушы ақшаны өз еркімен қайтаруға дайын болмаса, сотқа жүгінуге тура келеді. Ол үшін алдымен алушының жеке басын анықтау қажет. Бұл да қиын болуы мүмкін: алаяқтар ізін жасыру үшін біркүндік фирмаларды және көптеген делдалдарды пайдаланады.

Алданбау үшін не істеу керек?

  • Бейресми көздерден ешқандай файл жүктемеңіз.
  • Антивирус орнатып, оны уақтылы жаңартып отырыңыз – ол алаяқтық бағдарламаларды дер кезінде анықтауға көмектеседі.
  • Төлем жіберер алдында алушының реквизиттерін міндетті түрде тексеріңіз.


Айтпақшы, «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында Kaspi.kz-тің YouTube-арнасында бейнеролик жарияланған. Онда дәл осындай алаяқтық схема туралы айтылады.

Еске сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен алаяқтардан сақтану үшін ең кең таралған алаяқтық схемалар туралы бірқатар бейнероликтер түсірген. Оның бәрін Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасынан көруге болады.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!