Түркістан облысында франшизамен Qazaq Oil-дың ірі жанармай бекеті ашылды

Ду шапалаq

14.05.2026,

  в 10:30

457

Онда дүкен, кофе аймағы, балалар алаңы, намазхана, душ кабиналары, кір жуу, кең әжетханалар және электромобильдерді қуаттау станциялары жұмыс істейді

Түркістан облысының Ордабасы ауданында Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолы бойында Qazaq Oil брендімен франшиза негізінде жұмыс істейтін Қазақстандағы ең ірі жанармай құю бекеті ашылды. Жобаны компанияның серіктесі – M-Trade-19 жүзеге асырды.

Жаңа станция 2 гектар аумақта орналасқан, ғимараттың жалпы көлемі 1245 шаршы метрді құрайды. Мұнда 10 бензин және 8 дизель құю колонкасы орнатылған, бұл елдегі негізгі транзиттік бағыттардың бірінде көліктерге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Мұнда тек жанармай құюға ғана емес, жүргізушілер мен жолаушыларға арналған толыққанды сервиске де басымдық берілген. Аумақта үлкен маркет, кофе аймағы, балалар алаңы, намазхана, душ кабиналары, кір жуу орны, кең әжетханалар және электромобильдерге арналған қуаттау станциялары жұмыс істейді.

Жанармай бекетінің салтанатты ашылуында қонақтарға дастархан жайылып, ұлттық аспаптармен жанды музыка орындалды, түрлі дәм таратылып, сыйлықтар ойнатылды.

Qazaq Oil серіктесі – M-Trade-19 компаниясы осы желімен бірге бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Компания басшысы Еркін МҰЗРАПОВТЫҢ айтуынша, бұл серіктестік әу бастан сәтті болды.

«2023 жылдан бері Qazaq Oil компаниясымен жұмыс істеп келеміз, толықтай көңіліміз толады. Не керектің бәрі уақытында жеткізіледі, кез келген мәселе жылдам шешіледі. Біз үшін ол (Qazaq Oil – ред.) жұмыс істеуге ыңғайлы әрі сенімді серіктес», – деді ол.

Серіктестің компания ашқан алғашқы жанармай құю бекеті шамамен екі жыл ішінде өзін ақтады. Содан кейін компания ынтымақтастықты кеңейтіп, ірі нысанға инвестиция салу туралы шешім қабылдаған.

Qazaq Oil компаниясында франчайзинг бағыты желіні дамытудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Бүгінде Qazaq Oil франшизасы бойынша Қазақстанның түкпір-түкпірінде 50-ден астам жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоғары екенін көріп отырмыз, себебі серіктестер бірыңғай жұмыс стандарттарына, жанармай мен сервистің тұрақты сапасына, сондай-ақ компанияның тұрақты қолдауына ие болады», – деп хабарлады Qazaq Oil компаниясы.

Фото: Qazaq Oil.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!