“Аралтұз” АҚ жарақат алған әйелге 5 млн теңге төлеуге міндеттелді

Қайтейік енді

31.07.2025,

  в 10:02

125

Қызылорда облысы Жақсықылыш ауылының тұрғыны 2013 жылдан бері “Аралтұз” АҚ-ның тұз өңдеу цехында ораушы болып жұмыс істеп келген.

2021 жылы цех операторы қызметіне ауыстырылған.

2025 жылдың қаңтарында дүкен қоймасында түнгі ауысым кезінде операторды тұз тасымалдайтын жүк көтергіш қағып кеткен.

Ауыр жарақаттардың салдарынан оған бірнеше ота жасалып, көру және қозғалу мүмкіндігін жоғалтуға әкелген. Қазір оған үнемі сырттан көмек пен ем, оның ішінде беті мен көзіне шұғыл ота қажет.

Еңбекке қабілетсіз болғанын, физикалық және психикалық қиындыққа тап болғанын, екі кішкентай қызы бар екенін көрсете отырып, әйел талап қоюында моральдық шығынды өндіруді сұраған. Өндірістік қызметпен байланысты жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу актісіне сәйкес, жұмыс беруші 100% кінәлі екені анықталған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

АҚ өкілінің айтуынша, жайсыз оқиға абайсыздықтан орын алған, “Аралтұз” жәбірленушіге 850 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіп, алдағы оталарға жұмсалатын барлық шығынды өз мойнына алған.

Сотта талап қоюшының психикалық және физикалық азап шеккені, денсаулығына ауыр зиян келтірілгені, қайталап ота жасауды қажет ететіні дәлелденді.

Арал аудандық соты жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, “Аралтұздан” зардап шеккен әйелге моральдық шығын үшін 5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!