Қазақстандағы ауасы ең лас қала – Қарағанды

Қайтейік енді

19.11.2026,

  в 16:00

245

Тұрғындар ауаның орнына күйе жұтып жүр

Еліміздегі ауасы ең лас қаланың көшін Қарағанды бастап тұр. Өңірге газ тартылғанына қарамастан, экологиялық жағдай әлі де мәз емес. Мамандар атмосфераны тұрақты тексеріп, шаң-тозаң, күйе мен өзге де зиянды қалдықтардың мөлшері шектен асып кеткенін жиі анықтайды, деп хабарлайды Жетінші арна.

Тәуелсіз мамандар орнатқан 12 датчик ауаның сапасын үздіксіз бақылап отыр. Тұрғындар тәуліктің кез-келген уақытында қай ауданда ауа қаншалықты ластанғанын онлайн көре алады.

Қарағандының көк түтініне жұрттың еті үйренген. Екі жыл бұрын бұл шаһар әлемдегі ауасы ең лас үш қаланың қатарына кіріп кеткен Мұны ауаның сапасын бақылап, халықаралық рейтинг жасайтын швейцариялық IQAir технологиялық компаниясы анықтаған. Әсіресе күздің соңы мен қыста жағдай ушығады.

Биыл тоғыз айда облыста ауаға тараған зиянды қалдық көлемі 300 мың тоннаға жуықтаған. Ал қыркүйекте Қарағанды экологиялық ахуалы ең күрделі қаланың қатарына енді.

– Тоғыз айда департамент мамандары 4 мыңнан астам сынама алып, 900-ден аса зерттеу жүргізді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша бақылау шаралары ұйымдастырылып, инспекторлық ықпал ету шаралары қабылданды, – дейді облыстық экология департаменті бөлімінің басшысы Лариса ЛЕВЧЕНКО.

Енді Қарағандының қай бөлігінде ауа қаншалықты ластанғанын бұрынғыдан да дәлірек білуге болады. Қалада тәуелсіз бақылау датчиктерінің желісі кеңейтіліп жатыр. Бұрын мұндай құрылғы біреу ғана болса, қазір саны 12-ге жеткен. Олар ауаның құрамын тәулік бойы, нақты уақыт режимінде өлшейді. Оның ішінде көзге көрінбейтін ұсақ шаң мен күйенің мөлшері де есепке алынады. Тұрғындар нәтижені IQAir компаниясының сайтынан немесе мобильді қосымшасынан онлайн көре алады.

– Бұл датчиктер ластанудың ең қауіпті түрін, яғни диаметрі небәрі 2,5 микрон болатын ұсақ шаңды өлшейді. Мұндай шаңның қауіптілігі – жерге шөкпейді, ауада қалқып жүреді. Өте ұсақ болғандықтан, ауада ұзақ сақталады. Біз сол шаңды жұтып жүрміз, – дейді эколог Дмитрий КАЛМЫКОВ.

Бір ғана Қарағанды емес, тұтас өңірдің ауасы алаңдатарлық. Қаңтардан қыркүйекке дейін облыста ауаның жоғары деңгейде ластануының 230-дан астам дерегі тіркелген. Оның басты себебі де белгілі. Мұнда елдегі ең ірі өндірістік орталықтың бірі орналасқан. Әсіресе «Қармет» комбинаты мен үшінші жылу электр орталығы – атмосфераға тарайтын ұсақ шаңның негізгі көзі. Бұл халықаралық тәуелсіз зерттеуде де көрсетілген.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!