Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Қайтейік енді

27.11.2026,

  в 19:00

439

Бірақ ол соңғы сөзінде түрмеден қорықпайтынын айтты

Алматыда қоғам белсендісі Санжар БОҚАЕВТЫҢ ісі бойынша сот үкімі шықты. Сот оны Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл іс бойынша онымен бірге жиені Мадияр ҚАЛМЕНОВ пен бұрынғы мобилографы Ұлан НҮСІПҚОЖА да сотталды.

27 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Санжар Боқаевқа қатысты үкімді жариялады. Судья Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал Мадияр Қалменовке – алты жыл алты ай, Ұлан Нүсіпқожаға екі жыл алты ай бас бостандығын шектеу жазасын үкім етті.

Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылды. Олар: ұрлық, алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақша немесе мүлікті заңдастыру, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу.

Істегі негізгі эпизодтардың бірі Боқаевтың 2015-2018 жылдары «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.

Айыптау нұсқасы бойынша, 2018 жылы Боқаев жиені Мадияр Қалменовпен бірге «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автожорығын ұйымдастыруға кәсіподақ бөлген 42,1 миллион теңгені иемденген.

Тергеу мәліметінше, бұл үшін шығындар сметасына негізсіз жоғары сомалар мен жалған қызметтер енгізілген. Кейін алынған қаражаттың бір бөлігін заңдастыру мақсатында Астанада жиһаз бизнесі ұйымдастырылған.

Боқаев тағылған айыптарды мойындамай, өзіне қарсы айыптауларды жоққа шығарды.

Гранит тақталар

Тағы бір эпизод Үлкен Алматы өзені жағалауын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген аумақтан гранит тақталарды әкетуге қатысты.

Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев бұл іске бұрынғы мобилографы Ұлан Нүсіпқожа мен танысы Ахлиддин ХАМРАКУЛОВТЫ тартқан. Айыптау тарапының мәліметінше, соңғысы құрылыс материалдарын әкетуге адамдар табуы керек болған.

Сотта Нүсіпқожа гранит тақталарды алғаш рет 2025 жылдың қыркүйегінде түсіргендерін айтты. Алайда Боқаев түсірілген материалға көңілі толмаған. Мобилографтың сөзінше, тақталар жоспарланған жерге жеткізілмеген, ал түсірілімнен қажетті орын анық көрінбеген.

Осыдан кейін түсірілімді қайталау туралы шешім қабылданған. Нүсіпқожаның айтуынша, екінші жолы Боқаев оқиға орнына өзі келіп, жұмысты бақылаған. Бұл жолы 12 гранит тақта әкетілген. Ал Боқаев болған жағдайды кездейсоқ анықтағандай көрсетіп, өзі видеоға түсірген.

Кейін бұл видео оның әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды. Ролик бір жарым миллионнан астам қаралым жинаған.

Ағаштарды кесу

Істегі тағы бір эпизод Баум бағындағы ағаштардың кесілуіне байланысты.

Айыптау нұсқасы бойынша, 2025 жылдың қазанында Боқаев пен Нүсіпқожа саябақтағы ағаштарды кесуді ұйымдастырған. Мұндағы мақсаты – кейін саябақты абаттандыру кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгені туралы видео түсіру болған.

Сотта Нүсіпқожа бұл материалдың қалай дайындалғанын егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, Боқаев мобилографтың жұмыс телефонына белгісіз нөмірден хабарлама жіберіп, өзін жергілікті тұрғын ретінде таныстырған. Хабарламада ағаштардың кесіліп жатқаны туралы айтылған.

Осыдан кейін олар саябаққа барған. Нүсіпқожа оқиғаны видеоға түсірсе, Боқаев көрген жағдайына қатысты пікір білдірген. Мобилографтың айтуынша, видеоны құрастыру кезінде әр уақытта түсірілген кадрлар біріктірілген: түнгі түсірілімдер күндіз түсірілген кесілген ағаштардың кадрларымен араластырылған.

Нүсіпқожа тергеу кезінде Боқаевтың нұсқауымен жалған жауап бергенін де мойындады. Атап айтқанда, ол ағаштардың кесіліп жатқаны туралы белгісіз адамнан телефон қоңырауы түскенін айтқан. Кейін бұрынғы жұмыс берушісінің талабымен осыған қатысты хат алмасуларды өшіргенін жеткізді.

Мобилограф Санжарды неге «сатты»

Ұлан Нүсіпқожа басында басқа ұстанымда болғанымен, кейін өзіне тағылған айыптарды мойындап, бұрынғы жұмыс берушісіне қарсы жауап бере бастады.

Сотта ол өзін болған оқиғаның ұйымдастырушысы емес, амалсыздан қатысқан адам ретінде санайтынын айтты. Оның сөзінше, міндеті видео түсіру мен монтаждау болған, ал роликтердің мазмұны мен жариялануын Боқаев өзі бақылаған.

Нүсіпқожа ұсталғаннан кейін оған үндемеуге және жауап бермеуге кеңес берілгенін мәлімдеді. Айтуынша, оған қаржылай көмек көрсету, соның ішінде несиелері мен пәтеріне қатысты төлемдерді жабуға уәде берілген. Алғашында Боқаевтың айналасындағы адамдар шығындарын өтеп отырған, бірақ бірнеше айдан кейін көмек тоқтаған.

Мобилографтың айтуынша, Боқаев адвокат қызметіне ақы төлеуге де уәде берген, алайда бұл орындалмаған. Соның салдарынан Нүсіпқожа тәуелсіз қорғаушы жалдап, сотта өз нұсқасын айтуға шешім қабылдаған.

Сот отырыстарының бірінде бұрынғы жұмыс беруші мен қызметкер арасында дау туындады. Боқаев Нүсіпқожаны ұстанымын өзгерткені үшін кінәласа, мобилограф енді болған жағдайларды жасырып қалмайтынын айтты.

Сотта Боқаев пен Нүсіпқожа арасындағы телефон әңгімесінің аудиожазбасы да тыңдалды. Онда қоғам белсендісі гранит тақталарды әкету кезіндегі алғашқы түсірілімнің сапасын сынап, қандай кадрлар түсіру керектігін айтқан. Боқаевтың қорғаушылары бұл жазбаны тыңдатуға қарсылық білдірді.

Боқаев соңғы сөзінде не деді?

Соңғы сөзінде Боқаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, айыптау актісі мен прокурорлардың сөздерінде өтірік пен манипуляция бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ түрмеден қорықпайтынын айтты.

Ал Ұлан Нүсіпқожа кінәсін мойындап, өкініш білдірді және өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Ол соттан бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын, тергеуге көмектескенін және қамауда болған уақытын ескеруді өтінді.

Мадияр Қалменов соңғы сөз сөйлеуден бас тартты.

Прокуратура қандай жаза сұрады?

Мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оның жиені Мадияр Қалменовке жеті жыл жаза тағайындауды өтінді.

Ал кінәсін толық мойындаған Ұлан Нүсіпқожаға екі жыл алты ай мерзімге пробациялық бақылау белгілей отырып, бас бостандығын шектеу жазасын сұрады.

Санжар Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған:

  • 188-бап – ұрлық. Бұл бап Үлкен Алматы өзені жағалауын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген аумақтан гранит тақталарды әкету эпизодына қатысты.
  • 190-бап – алаяқтық. «ҚазТрансГаз» кәсіподағы халықаралық автожорық ұйымдастыруға бөлген қаражатты иемдену туралы эпизодқа байланысты.
  • 218-бап – қылмыстық жолмен алынған ақша немесе мүлікті заңдастыру. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражаттың бір бөлігін жиһаз бизнесіне бағыттауға қатысты.
  • 274-бап – көрінеу жалған ақпарат тарату. Айыптау тарапы бұл бапты гранит тақталар, Баум бағындағы ағаштардың кесілуі және жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеуге бөлінген қаражат туралы жарияланған видеоматериалдармен байланыстырады.
  • 340-бап – ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу. Баум бағындағы ағаштарды кесу эпизодына қатысты.

Боқаев өз кінәсін мойындамады. Іс бойынша ұсынылған дәлелдер мен сотталушылардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық бағаны сот берді.

Фото: © Hronika.kz / Перизат Жарылқасын.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!