ШҚО-да әбден ашуланған мектеп мұғалімдері министрлікті сотқа бермек

Қайтейік енді

27.11.2025,

  в 16:00

158

Ұстаздардың жалақысы азайып қана қоймай, соңғы үш айда алған үстемеақыларын мемлекетке қайтаруы тиіс

Шығыс Қазақстан облысында ұстаздар аттестациялау нәтижесіне жаппай наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Өйткені министрліктің жаңа талабы жүздеген педагогты тығырыққа тіреген. Соның кесірінен бір сәтте санатымыздан айырылып, қаншама жылдан бергі еңбегіміз еш кетті деп ашынады.

Қайта-қайта өзгеретін аттестациялау шарттарынан шаршаған көпшілік енді сотқа жүгінбек.

Шәкірттерге білім беруге жұмсайтын алтын уақытымыз сынақтың нәтижесін даулаумен өтіп жатыр дейді ұстаздар. Өйткені өңір бойынша биыл аттестациялаудан 200-ге жуық мұғалім сүрініп, педагог-зерттеуші санатынан айырылған. Оған “авторлық бағдарламаны” бағалау жүйесіне қосу туралы аяқ асты енгізген жаңа талап себеп дейді. Бірақ бұл шартты қазір орындау мүмкін емес деп отыр.

– Авторлық бағдарламаны үш айдың ішінде жазу, бұйрыққа сүйенетін болсақ, ол үш кезеңнен тұрады негізі. Ол апробациядан өту керек. Оқу жоспарына енгізілу керек. Ол қай кезде енгізіледі. Ол жылдың басында, яғни қыркүйек айында енгізіледі. Ал ол өтіп кеткен уақыт. Сондықтан бұл мүлдем миға қонымсыз даже, – дейді бастауыш сыныбының мұғалімі Назым ҚАЛИАҚПАРОВА.

Енді санаттары төмендеген ұстаздардың жалақысы азайып қана қоймай, соңғы үш айда алған үстемеақыларын мемлекетке қайтаруы тиіс. Онсыз да талай жылғы төккен теріміз бір сәтте еш кетті деген педагогтар бұл бізге ауыр соққы болды деп қынжылады. Сондықтан аттестациялау шарттарын жиі өзгерткенге қарсымыз дейді.

– Шарттардың қайта-қайта өзгергені барлық мұғалімді алаңдатады. Мысалы ұстаздың біліктілігі 5 жыл сайын сыналады. Ал аттестациялау талаптары жылда жаңарады. Сонда мұғалім қалай жұмыс істеуі керек? Ұстаздардың жұмысына дәл осылай немқұрайлы қарауға бола ма, – дейді орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Уазипа БОРАНБАЕВА.

Ал облыстық білім басқармасының өкілдері сынақтан сүрінген ұстаздардың біліктілігі қалай бағаланғанын өздеріне көрсете аламыз дейді. Одан басқа қолымыздан ештеңе келмейді деп кесіп айтты.

– Өткен жылы “авторлық бағдарлама” дайындау туралы талап болды. Бірақ бұл негізгі бағалау жүйесіне кірмейтін. Ал биыл ақпанда Оқу-ағарту министрлігі 83-бұйрыққа өзгеріс енгізіп, процедураны баллға қосты. Егер мұғалім бір шарттың өзін орындамаса, сынақтан өтпейді. Бұйрықты министрлік өзгертті. Сондықтан қалған сұрақпен сол ведомство айналысады, – деді ШҚО білім басқармасының бөлім басшысы Әсел БҰЛЖАНОВА.

Жергілікті басшылардың жауабына қанағаттанбаған мұғалімдер енді сотқа арыз арқалап бармақ.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!