СҚО-дағы ауылдар бірінен соң бірі жойылып жатыр

Қайтейік енді

16.04.2026,

  в 15:00

416

Өңірде 2019-2025 жылдар ішінде 60-қа тарта елді мекен таратылған

Солтүстік Қазақстан облысында шалғайдағы ауылдар бірінен соң бірі картадан сызылып жатыр. Соңғы 6 жылда өңірде 60-қа тарта елді мекен таратылып, жабылған. Салдарынан халық жанға жайлы мекен іздеп жан-жаққа көшіп жатыр. Көштің тоқтар түрі жоқ, деп хабарлайды Жетінші арна.

Қойнауы босап, халық саны күрт кеміген Алқа ауылының бүгінгі сиқы адам шошырлық. Бір кездері 60-қа тарта түтіні болған құт мекеннің құлазығанына бірталай уақыт болды. Десе де қазір мұнда үш отбасы тұрып жатыр. Солардың бірі – алпысты алқымдаған Мақсат ИСАБЕКОВ ақсақал.

– Айына-жылына бір рет шығамыз, азық-түлік үшін деп ауданға барып келеміз. Әкімдер де келген жоқ. Мұнда ешкім келмейді. Жазда әйтеуір жол бар. Қыс, көктем, күз жол жоқ. Қазір үйде қалған малмен ғана күн көріп жатырмыз. Басқа ештеңе жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Мақсат Исабеков.

Нулы, сулы көрікті қоныстың түгін тартсаң майы шығады. Алайда тоқырау жылдары жұмыссыз қалған жұрт жақсы тұрмыс іздеп, ауданмен қалаларға көшіп кеткен. Салдарынан баспаналар қирап, бос қалды. Ал мұндағылар өркениет игілігінен қағылды. Ауылдағы ағайын әлі де болса бәз-біреуілер көшіп келер деген үмітпен күн кешуде.

– 60 үй болды. Бәрі жақсы бір-бірімен қатынасып тұрды. Ешқандай реніш болған жоқ. Балалары есейген соң, мектепке бару керек. Сол жағдайды қиындатты. Сосын кісілер Явленкаға, Бескөлге, қалаға көшті. Кім біледі? Заман өзгеріп кете ме? Ауылға мүмкін тағы біреулер келер деп отырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Ниязбек ЗӘКІРИЯНОВ.

Алқа – облыс орталығынан 100 шақырымдай жерде орналасқан. Болашағы бұлыңғыр деп танылған соң, оны көрші елді мекенге қосты. Бірақ жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл азаматтардың көшкісі жоқ.

– 2020 жылы көрші ауылда үйлер салынды. Аудан орталығында да жаңа баспаналар бой түзеді. Бірақ бұл жандар аз-кем мал ұстайды. Сондықтан басқа жаққа көшуден бас тартып отыр, – дейді округ әкімі Арман ӘБІЛҒАЗИН.

Өңірде 2019-2025 жылдар аралығында 59 елді мекен таратылған.

– Қазіргі таңда облыс бойынша 590 ауыл бар. Оның 113-інде тұрғындар саны 50-ден аз. Жалпы егер де көшем деген тұрғындар болса, онда мемлекет тарапынан оларға әрбір отбасы мүшесі үшін 15 АЕК қарастырылған. Одан бөлек жергілікті атқарушы орган көшуіне және жұмысқа тұруына жағдай жасайды, – Әсем АЙТУЛОВА, облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Иә, өңірдегі жағдай мәз емес. Сондықтан бар үміт енді Оңтүстіктен келетін көште. Биыл теріскейге 3 мыңнан астам адамды қабылдау үшін квота бөлінген.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!