Түркістан облысында жар опырылып жер үйлер суға кеткелі тұр

Қайтейік енді

19.04.2026,

  в 14:00

235

Өзен ағысы мен арнасының өзгеруіне тас қазушылар кінәлі деседі

Түркістан облысында Келес өзені жағасына салынған 60-қа тарта жер үй суға кетуге шақ тұр. Себебі, жағалаудағы жарқабақ бір айда 40 метрге дейін опырылып құлаған. Ал оған өзен арнасының өзгеруі себеп болған. Өзен бойын қазып, табанынан тас ала берген соң, судың ағыны күшейіп, жағалауды шайып кетіп жатыр. Мәселені облыс әкіміне дейін білгенімен, келестік жұрттың жағдайын жасап жатқан ешкім жоқ, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Келес өзенінің бойында отырған ел күнде жанын шүберекке түйіп отыр. Себебі, өзенге жақын жар үстіне үй салған. Енді өзен тасымай-ақ, жар опырылып, баспаналарға қауіп төндіріп жатыр.

Мәселен, Жуантөбе ауылындағы Есіркеповтер әулетінің қара шаңырағының қазір жартысы ғана қалған. Жартысы бір ай бұрын опырылып құлап, жармен бірге ағып кеткен. Жарқабақты ағын су тез кеміріп жатқаны туралы жауаптылардың «бәріне хабарлағанбыз» дейді үй иелері. Әйтсе де қора-қопсысын құтқара алмапты.

Бүтін тұрған үй, осы бір айдың көлемінде осы жағдайға жетті. Бір айда 20-10 метрдей опырылды. Мына жерде ошақ-қорамыз болған, мына жерде жоғары кернеулі бағана тұрған, тапшанымыз болған, бәрі суға кетті. Төтенше жағдай департаментінен қауіпті деп танып тұрған жоқпыз дейді. Одан кейін облыс әкіміне жазылып кірдік. Облыс әкімі Келес арнасын бұрып береміз, 2025 жылға жоспарланған деді, – дейді Жуантөбе ауылының тұрғыны Қарлығаш КЕҢЕС.

Ауыл жұртың бағына орай, қазір Келес өзенінде, әрі кетсе секундына 30 шаршы метр су ағып жатыр. 120 шаршы метрге дейін таситын тентек өзенге су толса, онда арнаны жағалай қоныстанған Жүзімдік, Жуантөбе мен Қазақстан ауылдарында апат болайын деп тұр, дейді жұрт.

Мысалы, мына жар құласа, мектепке де қауіп төніп тұр. Ол мектептің дуалына жақындап қалған. Оның бергі жағында 30-40 үй бар, мына жақта та бірталай үй бар, қауіпте тұр. Биыл 40-50 метр төңірегінде Келес жылжыды, бір айға жетер-жетпес деңгейде, 50 метргедейін жылжыды. Содан кейін бәріміз үдеріп шығып жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Рүстем ОРАЗБАЕВ.

Ал өзен ағысы мен арнасының өзгеруіне Келестен тас алатындар кінәлі. Құмды ұстап тұрған тасын алған соң, ағысы күшейіп, жарды опырып жатыр. Бірақ тас қазушыларды ауыздықтап жатқан ешкім жоқ дейді. Аудан билігі өзен бойындағы 60-қа жуық үйге қауіп төніп тұрғанын растайды. Бірақ өзен бойын бекітуге жергілікті әкімдікте қаражат қарастырылмаған дейді.

Келесті 2024 жылы 11 жерден қию жұмысын жүргізгенбіз. Қазір Абайдан басталады, Ғани Мұратбаевқа дейін Келес өзенінің бойындағы жар ұрып жатқаны жөнінде біз тиісті актіні толтырып, тиісті төтенше жағдай басқармасына жолдағанбыз, – дейді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Өзен бойындағы жармен бірге опырылу қауіпі бар үйлер мәселесімен нақты айналысатын төтенше жағдайға жауапты мамандар екен. Бірақ жауапты ретінде жұртпен тілдесуге келген басшы «мәселені білеміз, бірақ ештеңе істеп жатқан жоқпыз» деп ашық айтты.

Бізге кімнен арыз түседі, сол ғана. Мына үйден арыз түсті ме, бұл келеді, бізге егесі арыз жазады, келеді, көреді, актілейміз, болды. Ал бұл үйді ұл актілемедік, хабарым жоқ. Былтыр келген деп айтып тұрғаны жйлы және не жұмыс атқарылып жатқаны туралы ештепңе айта алмаймын. ТЖ тарапынан істеліп жатқан жоқ, – дейді Келес ауданы ТЖБ аға инженері Жанболат ТАСТАНҚҰЛ.

Қаржы қарастырылмаса да, аудан әкімдігі өзен арнасын бұру және опырылып жатқан жерді бекітуді өз мойнымызға аламыз дейді. Ол үшін кәсіпкер тауып, техника сұратпақ. Бірақ үйіне алаңдаулы ел ұрлап тас қазушыларды тоқтатпайынша, мұның бәрі бос әуре деп отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!